Жалған шот-фактуралар мемлекетке 133,5 млрд теңге шығын әкелген
Енді Қаржы министрлігі күмәнді деп тапқан операцияларды орындау кезінде кәсіпкерге биометрикалық тексерістен өтуді міндеттемек, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, миллиардтаған бюджет қаржысын үнемдеу жоспарланған. Ал бизнес өкілдерінің бұл өзгерістерге көзқарасы қандай?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Жалған шот-фактура жазып беруді бизнеске айналдырғандар бар. Мәселен, соңғы төрт жылда күмәнді кәсібі үшін 1700-ден астам адам қылмыстық жауапқа тартылған. 2020-2021 жылдары олардың саны 600 шамасында, 2022 жылы 500-ге таяу болса, былтыр 300-ден асты.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Келтірілген залалдың жалпы сомасы 133,5 млрд теңгені құрады. Өтелген залал сомасы – 15,9 млрд теңге. 2021-2023 жылдар кезеңінде заңды тұлғалар 3 триллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырды. Жалған компаниялардың айналымы шамамен 7 триллион теңгені құрады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2021-2022 жылдары бизнестің мемлекет алдындағы берешегі 655 миллиард теңгеге жетті. Оның 80%-ке жуығы жалған шот-фактуралардың салдары. Осындай құйтұрқы әрекеттердің алдын алу үшін жауапты министрлік кәсіпкерді биометрикалық тексерістен өткізіп, жеке басын растауды міндеттемек.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Көбіне ол азаматтардың мысалы, фирмалары, мекемелері ашылады да, бірақ барлық іс-қағаздарын өздері жүргізбейді ғой. Себебі олар бір басқа адамдар айналысады, мысалы. Оның ЭЦП-сын алып, басқа адамдар жасауы мүмкін. Сондықтан біз айтамыз. Осы Face ID-ден өтіңізші. Нақты сіз бе? Сіз емессіз бе? Енді басқа адам енді іс жасап жүрсе, ЭЦП арқылы өте алмайды ғой. Face ID-ден өте алмайды. Сондықтан олар осындай шот-фактураларды жаза алмайды.
Қазір бұл жоба пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Тиімділігі дәлелденсе, жаппай қолданысқа енеді. Алайда, мамандар жаңа жүйедегі жеке деректердің қолдан қолға өтіп кетпеуін қамтамасыз ету қажеттігін айтады.
Файзирахман Миянов, салық кеңесшісі:
- Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бұрыннан көтеріліп жүр. Тіпті Президент те салық органдарының жүйелері қатаң бақылану керегін ескерткен. Яғни, мемлекеттік органдар азаматтардың жеке деректері ешқайда тарап кетпеуін қамтамасыз етуге тиіс. Сонда ғана кәсіпкер жеке басын биометрика арқылы растаудан қорықпайды. Осы мәселені шешпей, бұл тақырыпты көтеруге болмайды деп есептеймін.
«Сонымен қатар кәсіпкерліктегі әкімшілік кедергілерге тосқауыл қою керек», - дейді сарапшы. Ал, мемлекеттік орган қылмысты тергеннен оның алдын алған тиімдірек екенін алға тартады. Сондықтан аталған биометрикалық тексерісті басқа да салаларға енгізуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ғалымжан Әбділахат