Саран қаласында бір миллион автошина шығарылады
Биыл Саран қаласында 1 млн заманауи автошина шығарылады.
Алғашқы өндіріс маусым айында басталады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр саланың дамуы туралы сұхбатында айтты. Саран қаласында бұрынғы резеңке-техникалық бұйымдар зауытының негізінде бірқатар өндіріс орны құрылды. Олардың арасында сынақ режимінде өнім шығара бастаған шина зауыты да бар. Сондай-ақ, Екібастұзда бірнеше компания тобы теміржол көлік жабдықтарын өндірудің жетінші желісін іске қосты. Бұған дейін кәсіпорын теміржол саласына 6 өнім түрін шығарған. "Өңдеуші өнеркәсіпте жергілікті қамту үлесін арттырыру басты міндеттердің бірі. Ал салаға тартылған инвестиция жалақысы жоғары жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді",- деді Роман Скляр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
«Өңдеуші өнеркәсіптің дамуы еліміздің экономикасын өзгертіп қана қоймай, моноқалалардың өміріне де өзгерістер енгізіп жатыр. Мен Екібастұзды бекерге мысалға келтірген жоқпын. Бүгінде онда ірі машина жасау кластері дамып келеді және теміржол машинасын жасау өнімдерінің 72%-ы өндіріледі. Маусым айында ГРЭС-1 алаңының жанындағы ең ірі ферроқорытпа зауыты өз жұмысын бастайды. Қазірдің өзінде моноқаланың өзі жаңа өмірге қалай бейімделіп, түрленіп жатқанын көруге болады. Бұрын тұрғындары тастап кеткен үйлер енді бос емес, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет бұл бағыттағы істерді жалғастыратын болады».