ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары кездесті

primeminister.kz

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ішкі шекараларды кесіп өту кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешу қажет.

Қазақстан өз тарапынан «Орск – Қандыағаш», «Мақат – Сағыз», «Шалқар – Бейнеу» бағыттарындағы теміржолдарды қайта жаңарту арқылы қатынас аясын кеңейте бастады. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында айтты. Сондай-ақ ол Одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларына мемлекеттік сатып алу мәселелері жөнінде өз ойын жеткізді. Ұлттық режимді қолдану тәсілдерін түзету және баға шегін белгілеу жайында ұсыныстар айтты. Жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану қажеттілігі атап өтілді. Осы сала бойынша тәжірибе алмасу экономикалық прогресс пен инновацияларды енгізудің қозғаушы күші бола алады.

Беларусь елінің Несвиж қаласында өтіп жатқан отырыс барысында тараптар өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіптік кешен, кедендік және техникалық реттеу, цифрландыру салаларын дамыту жайын да кеңінен талқылады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшыларының соңғы кездесуінде қолда бар мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін пәрменді шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Комиссия елдермен бірлесіп, «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясының ережелерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп жатыр. Оны толтыру барысында біз декларация шеңберінен шықпауымыз керек. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл 185 млн-нан астам халқы бар кедендік шекарасы жоқ нарық. Біз қабылдаған шешімдер ең алдымен азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етуі керек.