Ә.Смайылов: Бюджеттік тәртіп төмен деңгейде

Былтыр Жезқазған қаласында шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге ешкім қоныстанбаған, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жөнінде Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты. Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытындысын ұсынған ол аудит нәтижелерін жариялады.

«Былтыр стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болып, ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарған. Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек, қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды. Дегенмен, өткен жылы 4 өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған», - дейді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар кей облыстарда өте маңызды және қажетті нысандардың мақсатына сай пайдаланылмау фактілері де анықталған.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:

- Бюджеттік тәртіп төмен деңгейде. Тек төрт өңірде, яғни, Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-і бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр. Инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келерін әлі анықтау керек.

Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған «Орталық» қазандығы пайдаланылмай тұр.