Алматы облысында салынып жатқан Алатау қаласы Кореяда таныстырылды

Алматы облысындағы жаңа Алатау қаласында бой көтеретін алғашқы нысан кәсіпкерлікті қолдау орталығы болмақ.

Оны 3-5 жылдың ішінде салуға болады. Бұл туралы Сеулде инвестициялық жобаның тұсаукесер рәсімінде айтылды. Оңтүстік Корея Ұлттық ассамблеясының ғимаратында өткен іс-шараға Парламент депутаттары мен ірі компаниялардың өкілдері қатысты. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан үкіметі өткен айда Алатау қаласын дамыту жоспарын бекіткен болатын. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруға қазақстандық, оңтүстіккореялық және сингапурлық компаниялар қатысуда.

Ким Хён Су, бизнесті дамыту  менеджері:

- 4-өнеркәсіптік революция, электрмобильдер, атом электр станциялары – бұл Кореяның мықты жақтары. Сондықтан Алатау қаласында бұл бағыттарды дамытуға болады деп ойлаймын. Қазақстан жобаны жүзеге асыру үшін заңнама әзірлеуді аяқтай салысымен оған Оңтүстік Кореяның 3 корпорациясы мен 100-ге жуық орта бизнес өкілдері инвестиция салғысы келеді. Кореяда 5 ірі клиника бар. Оларға ТМД елдерінен клиенттер көп келеді. Алатауда корейлік медициналық жүйе салсақ, осы клиенттердің барлығын Қазақстанға тарта аламыз деп ойлаймын.