Қазақстанда сирек металл өндірісі ұлғаяды

Қазақстан шет мемлекеттерге сирек металдың 19 түрін экспорттайды, деп хабарлайды 24KZ.

Ал Еуропа тарапынан тағы 16 металл түріне сұраныс болып отыр. Бұл мәселе бүгін Астанада басталған ХIV Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде талқыланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сирек металдарды «жаңа мұнай» деп бағалағаны белгілі. Себебі күн санап ұлғайып келе жатқан заманауи технологиялық бұйымдар өндірісіне ауадай қажет. Яғни, өндіріс көлемі өскен сайын сұраныс та ұлғая бермек. Дәстүрлі конгресс жұмысына 20 елден тау-кен және металлургия саласындағы іргелі компаниялар қатысып жатыр. Олар өздерінің алдыңғы қатарлы технологияларын таныстырып, өндіріс қарқынын арттыру бойынша тың жобалар ұсынады. Сондай-ақ іс-шара шеңберінде жалпы құны 22 млрд теңге болатын келісімшарттарға қол қойылады.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Бүкіл әлімнің экономикасы энергетикалық «переход» жасап жатыр. Сол энергетикаға байланысты қазіргі таңда сұраныс өте көп. Ең алдымен Қазақстанның ролі осы энергетикалық «переходта» сирек металдармен қамтамасыз ету.

Бенжамен Галлезот, Франция премьер-министрі жанындағы кен және металдарды стратегиялық жеткізу жөніндегі ведомствоаралық делегат:

- Былтыр қараша айында Қазақстан мен Франция арасында бірнеше келісімге қол қойылды. Бұл құжаттарға сәйкес зерттеу, жобаларды дамыту және жаңашыл технологияларды енгізу бойынша бірлесе жұмыс жүргіземіз. Қазақстанда сирек металдар өндірісін дамыту үшін әлеует жеткілікті. Қазіргі уақытта біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге жол картасын әзірлеп жатырмыз.