2024 жылы ЖІӨ өсімі 6% жетеді

Биыл елімізде экономикалық өсім 6%-ке жетеді. Жалпы ішкі өнімге қатысты мұндай көрсеткіш алдағы 6 жыл бойы сақталады. Ұлттық экономика министрлігі осындай болжам жасап отыр.

Иә, ведомствоның 2025-2029 жылдарға жасаған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сүйенсек, жалпы ішкі өнімнің 6% көрсеткішпен өсуіне негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс пен байланыс саласының әсері жоғары болмақ.

ҚР ҰЭМ: биыл ЖІӨ өсімі 6%-ке жетеді

2024 жылдың алғашқы 3 айындағы экономикалық өсім шамамен 4%-ке жетіп отыр. Бұл уақытта тауар өндірісі 5,1%, машина жасау өндірісі 25%, құрылыс жұмыстары 16%, металл бұйымдар 24%-ке, химия өнеркәсібі 11,5%-ке өсті. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен өндірісінде де ілгерілеушілік байқалады. Осындай қарқынмен өнеркәсіп өнімінің көлемі 2025-2029 жылдары орта есеппен 4,7%-ке өседі. Болжамды жасай отырып, министрлік өсімге әсер ететін себептерді де атады.

«Тау-кен өнеркәсібінің өсуі мұнай өндіруді ұлғайтумен байланысты. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірісті кеңейту есебінен мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 98,2 млн тоннадан 2029 жылы 104,8 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп болжанып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің орнықты және сапалы даму көрсеткіштері қосылған құны жоғары тауарлар экспортына байланысты өседі. Негізгі күш проактивті сауда саясатын жүргізуге, нарықтық және инновациялық ортаны, технологиялар трансфері жүйесін, сапалы өнеркәсіптік және цифрлық инфрақұрылымды, адами капиталды, құзыреттер орталықтарын, Қазақстанның жаһандық нарықтағы позицияларының, сынақ және сертификаттау инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады», – ҚР Ұлттық экономика министрлігі.

Бұған қоса негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі де ұлғаяды. Олардың басым көпшілігі құрылыс, ақпарат, байланыс, көлік, қоймалау және өңдеу өнеркәсібінің үлесінде болады.

 

Шағын және орта бизнестің үлесі артты                       

Елімізде жалпы ішкі өнімнің 36,5%-ін қамтитын шағын және орта бизнестегілердің де саны өсті. Өткен айдағы есеп бойынша Қазақстанда бұл салада 2 млн 200 мың субъект тіркелген. Бұл былтырғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1%-ке көп. Сондай-ақ мұнда жұмыс істейтіндер де көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 4,3 млн адам шығын және орта бизнесте нәпақасын тауып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 5,3%-ке артық.

Бұл субъектілердің ең көбі автокөліктерді жөндеу мен олардың саудасында. Саны 717 мыңнан асады. Ал екінші орында ауыл шаруашылығындағы бизнес өкілдері жайғасқан. Мұнда 300 мыңға жуық кәсіпкер бар. Үштікті өңдеу өнеркәсібіндегі бизнес түрлері қорытындылайды. Олардың саны 106 мыңнан асады. Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлік, құрылыс, тасымал және қойма саласының да үлесі зор екенін байқауға болады.

Елімізде шағын және орта бизнестің ең көп үлесі Алматы қаласында шоғырланған. Шаһарда 353 мыңға жуық кәсіпкер бар. Екінші орында елорда. Бас қалада 233 мыңға жуық нысан бар. Одан соң Түркістан облысы. Аймақта 204 мыңнан астам субъект тіркелген. Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарында да көрсеткіш жоғары.

01.05.2024 ж. бойынша шағын және орта бизнестің саны

Алматы қаласы - 352,8 мың

Астана қаласы - 232,8 мың

Түркістан облысы - 204,3 мың

Алматы облысы - 136,7 мың

Шымкент қаласы - 130,6 мың

Қарағанды облысы - 100,4 мың

Маңғыстау облысы - 77,5 мың

Қызылорда облысы - 63,4 мың

Атырау облысы - 62,7 мың

Жетісу облысы - 59,5 мың

БҚО - 57,5 мың

ШҚО - 62,8 мың

Абай облысы - 53,2 мың

Ақтөбе облысы - 82,7 мың

Қостанай облысы - 65 мың

Ақмола облысы - 58,6 мың

Ұлытау облысы - 18,3 мың

СҚО - 35,4 мың

Павлодар облысы - 55,4 мың

Дереккөз: ҚР ҰСБ.

 

Сарапшылар «аталған бизнес түрлерінің қарқынды өсуіне цифрлық қызмет түрлерінің дамуы себеп болды», – дейді. Онлайн банкинг пен цифрлық құжаттардың қолжетімділігі бизнес жүргізуді анағұрлым жеңілдеткен. Сондай-ақ көлеңкелі экономика үлесінің төмендеуіне де әсер еткен.