Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-саттық екі есе ұлғайды

Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара тауар айналымы 2 жылда екі есе өсті.

Бұл туралы Вашингтонда өткен бизнес форум аясында логистика саласының өкілі мәлімдеді. Америкалық инвесторлар маңызды металдар мен минералдарды игеруге қаржы салуға ниетті. АҚШ-тың елімізге тікелей инвестициясы да едәуір артпақ.

30 жылда АҚШ-тан елімізге қомақты инвестиция құйылды. Қазақстанға тартылған 400 миллиард доллардың 45 миллиарды Америкаға тиесілі. Алғашында бұл қаржының басым бөлігі мұнай өндіру саласына салынды. Енді еліміз инвесторларды өндіріс, көлік, логистика, туризм, ауыл шаруашылығы, денсаулық және білім салаларына ақша салуға шақырып жатыр. Қазақстандық кәсіпкерлер де Солтүстік Америка нарығына шығуды қалайды.

Марат Бірімжан, «Kazakh Invest» ҰҚ АҚ-ның Солтүстік Америкадағы өкілі:

- Қазіргі таңда көлік-логистика саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, Транскаспий көлік дәлізін дамытуға мүдделі. Машина жасау секторына да қызығушылық жоғары. Әрине, бұл, біріншіден, мұнай-газ секторындағы жобаларды жүзеге асыру үшін керек. Сонымен қатар компаниялар ауыл шаруашылығы секілді түрлі салалар бойынша Қазақстанның қажетті техникаларға сұранысын өтейтін жобаларға инвестиция салуға дайын.

АҚШ еліміздің тау-кен саласына, әсіресе металдар мен минералдар өндірісіне қомақты қаржы құймақ. Осындай жобалар үшін арнайы қор құрған. Өйткені қазір жартылай өткізгіштер өндірсіне ерекше мән беріліп жатыр. Ал тиісті шикізатсыз саланы аяққа тұрғызу қиын. Алпауыт ел қазақстандық бизнесті жаңа технологиядан бөлек, үлкен нарығымен де қызықтырады.

Максим Мұқашев, логистикалық компания директоры:

- АҚШ – төлем қабілеті өте жоғары ел. Халық саны көрші Ресейден екі есе көп. Демек нарығы да үлкен. Жеке тұлғалардың төлем қабілеті жоғары. Бұл Солтүстік Америкада, оның ішінде АҚШ-та бизнес ашып, кәсібін кеңейтуді қолға алған бизнесмендер үшін негізгі фактор болмақ.

Дегенмен еліміздің сыртқы саудадағы АҚШ-тың үлесі әлі де елеусіз, 5%-ті ғана құрайды. Сондықтан кәсіпкерлер: «Қазақстанмен АҚШ арасында тікелей әуе байланысы ашылса, өзара сауда-саттық пен іскерлік байланысты ынталандыруға септігі тиер еді», – дейді.