Алматы облысына ₸4 трлн инвестиция тартылады
Алматы облысындағы Alatau G4 City «ақылды» қаласын дамыту қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
«Ұлы Жібек жолының бойындағы қала болашақта ірі бизнес жобалары жүзеге асатын орталыққа айналады», – дейді мамандар. Статистикаға сүйенсек, елде экономикалық көрсеткіш 3,7% өскен. Республика бойынша жалпы ішкі өнім көлемі 25,7 трлн теңгеге жетті. Бұл көлемнің төрттен бір бөлігі Алматы қаласы мен облысының үлесінде.
Алматы қаласы мен құрылғанына тура 2 жыл толған Алматы облысы еліміздің ең басты экономикалық драйверіне айналды деуге болады. 2024 жылдың қаңтары мен сәуір айы аралығында облыста 574 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1% өскені байқалады.
Алматы облысына 2023 жылы 705,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның 539,6 млрд теңгесі – жеке инвестиция. Өңдеу өнеркәсібіне 370,4 млн АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция құйылды. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында облысқа 160,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,8%-тік өсім байқалды.
Ерлан Мәлікұлы, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:
- Алматы облысында бүгінгі күні инвестициялық әлеует 5 бағыт бойынша өрбіп келеді. Туризм, агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, өңдеу өнеркәсібінде және басқа да салаларда дамып келеді. Осы жылдың 4 айының өзінде облысқа тартылған инвестицияның көлемі 160,2 млрд теңге болып түсті.
Алматы облысына алдағы 3 жылда 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Оның тең жартысына жуығы тікелей шетел инвестициясы болады деген болжам бар. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ауданы 1369 гектар жерді алып жатқан 4 индустриялық аймақ құрылды. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту және негізгі капиталға инвестициялар тарту мақсатында «Alatau» арнайы экономикалық аймағының аумағы 30 мың гектардан 96 мың гектарға дейін ұлғайды.
Жәнібек Сауырбек, «Алатау» арнайы экономикалық аймағының бас директоры:
- Президент Жарлығымен құрылған Алатау қаласы болашақта облыс орталығы Қонаев пен алып шаһар Алматының арасындағы экономикалық драйверге айналады. 96 мың гектар жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймаққа Гонконг, Сингапурды немесе, батыстың өлшемімен алсақ, Берлин қаласын сыйғызып жіберуге болады. 2037-2039 жылдары Алатау қаласындағы халық саны 2 миллион адамға жетеді. Онда 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Алматы облысында 2030 жылға дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 127 ірі жоба жүзеге асырылады. Оның ең негізгілері агроөндірістік кешен, өңдеу өнеркәсібі мен ЖЭК, логистика, туризм, сауда, шағын және орта бизнес салаларын қамтиды. Өңірде биыл құны 473 млрд теңгенің 55 жобасы жүзеге асады. Сол арқылы 5 мың жаңа жұмыс орны құрылады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов.