Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің үйлестіру платформасы іске қосылды

Еуропалық комиссия мен Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің үйлестіру платформасын іске қосты, деп хабарлайды 24KZ

Жаңа платформа көлік маршрутын Еуропаны Азиямен 15 күн ішінде байланыстыратын мультимодальды және бәсекеге қабілетті бағытқа айналдыру мақсатында жұмыс істемек. Іс-шара Орталық Азия мемлекеттерінің және дәліз бойында орналасқан басқа да елдердің, тағы халықаралық қаржы институттары мен Еуроодақ құрамына кірмейтін G7 өкілдерінің қатысуымен өтті.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Үйлестіру платформасының құрылуы бізге ортақ мақсаттарға жетуге, тәжірибе мен пікір алмасуға мүмкіндік береді. Кедендік және салықтық рәсімдеу, цифрландыру, оның ішінде жүк құжаттарын электрондық нұсқаға ауыстыру жұмыстары қамтылады. Оған Әзербайжан, Армения, Грузия, сондай-ақ Түркиядан келген әріптестеріміз де атсалысады. Биыл жыл басында Брюссельде өткен инвестициялық форумда жоғарыда айтылған жобаларға жалпы 10 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады деген сөз болды.

Хенрик Хололей, Халықаралық серіктестік жөніндегі бас директораттың бірінші дәрежелі кеңесшісі:

- Тұрақты көлік байланысы аймақтың экономикалық өсуіне оң ықпалын тигізеді. Еуропамен қарым-қатынасты нығайту үшін өте маңызды. Біз серіктестерімізге даму және қоршаған ортаны қорғау мақсаттарына қол жеткізуде қолдау көрсетуге дайынбыз.