Сенат төрағасы Ұлттық қорды басқару тиімділігін сынға алды
Яғни, Үкімет үнемі қор қаражатына арқа сүйемеуі қажет. Мәулен Әшімбаевтың есебінше, тұрақты қарыздар болмағанда Ұлттық қордағы қаржы көлемі 150 млрд долларға жетуі мүмкін еді.
Алайда қазір қоржында 60 млрд доллар ғана бар. «30 жыл бойы мұнай экспорттайтын ел үшін бұл аздық етеді», – деді Мәулен Әшімбаев. Үкімет аталған қорды бүгінге дейін кепілді, нысаналы трансферт, квазимемлекеттік сектордың облигацияларын сатып алу арқылы белсенді қолданды. Сонымен қатар палата спикері бұл акциялар сатылған жағдайда қаншалықты өтімді болатыны да күмәнді екенін тілге тиек етті. Сондықтан қор портфелінің барынша әртараптандырылуын, пайдалы болуын және өтімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ол ел бюджетінің шығысы мен кірісінде алшақтық барын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- «ҚазМұнайГаздың» 20%-тік пакеті – бұл заңды тетік. Ұлттық қордың портфелі қаншалықты әртараптандырылған деген сауал туындайды. Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың мәні – бір активке бірден бірнеше миллиард инвестиция салмай, оны әртараптандыру, әртүрлі активтерге салу. Әрине, «ҚазМұнайГаз» – тұрақты компания. Ол бойынша проблема болмайды деп ойлаймыз. Бірақ бәрібір бұл дербес қордың қаражатын инвестициялау принципін бұзады. Екіншіден, бұл акциялардың өтімділігіне қатысты да мәселелер бар. Ұлттық қор оларды сатқысы келсе де, сата алмайды. Ешкім оларды сатқызбайды. Осыған байланысты Ұлттық қор инвестицияларындағы өтімділік қағидаты тағы бұзылады. Сондықтан мұндай үлкен пакетті Ұлттық қорда ұстау қисынсыз. Осы мәселені тиімді шешу қажет.