Қазақстанда ОА аумағындағы ең ірі чипс өнімінің өндірісі ашылады
Алатау қаласында Орталық Азиядағы ең ірі қытырлақ картоп өндірісі ашылады.
Бүгін Астанада кәсіпорынның таныстырылымы өтті. Тұзды тіскебасар өндірісін кеңейту мақсатында АҚШ-тың алпауыт PepsiCo компаниясы Алматы облысындағы жаңа шаһарды таңдапты. Осылайша 160 млн доллар көлемінде қаржы құйып, зауыт құрылысына кіріспек. Өндіріс орны алдағы екі жылда ашылуы тиіс. Сөйтіп жылына 16 мың тоннаға дейін қытырлақ картоп өндірмек. Дайын өнім Орталық Азия және одан тыс нарықтарға жөнелту жоспарланып отыр. Құрылысқа мыңға жуық жұмысшы тартылады. Азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ірі трансұлттық корпорациясының Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша Президенті өндірісте отандық шикізат қолданылатынын жеткізді. Давид Манзинидің айтуынша, 2026-2030 жылдары 50-66 мың тоннаға жуық картоп жаратылады. Айта кетерлігі, зауыт қалдықсыз өндіріс технологиясын енгізбек.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:
- 2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы АҚШ-қа іс-сапары аясында бірнеше инвестормен кездесу өткізді. Сол кездесу барысында уағдаласқан барлық шарттар бүгін орындалды деп біз айта аламыз. Бұл үлкен трансұлттық компания, аты әлемге белгілі. Осы ірі Орталық Азиядағы ең ірі жоба болып есептеледі осы компанияның тарихында. Және осы Қазақстанды өзінің штаб-квартирасы ретінде таңдады.
Дэниел Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі:
- Бұл екі жаққа да тиімді жоба дер едім. Өйткені бір жағынан АҚШ-тың ірі компаниясы зауыт салып, табысын арттырса, екіншіден Қазақстанда тіскебасар өндірісі дамиды. Яғни кем дегенде 350 жаңа жаңа жұмыс орны құрылады. Бұдан өнімін жеткізетін жергілікті ауыл шаруалары да ұтады. Картоптың жаңа сұрыптары өсіріліп, ауыл шаруашылығы өндірісінің жаңа технологиялары енгізіледі.
704 шетелдік инвестжоба тіркелді
Айта кетейік, Алатау қаласының экономикалық аймағына әлемдік ірі компаниялар көз тігіп отыр. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Қытай, Араб мемлекеттерінің алпауыттары бар. Бүгінде цифрлық ұлттық инвестиция платформасында 704 жоба тіркелген. Олардың жалпы құны 32 трлн теңгеден асады. Оның ішіндегі екі жүздейі бірер жылда аяқталуы тиіс, дейді Сыртқы істер министрлігі инвестициялық комитетінің төрағасы. 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 450 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті тұр. Бұл ретте шетелден тартылар тікелей инвестицияның үлесін 150 млрд ақша долларына жеткізу қажет.