Қазақстанның тоқыма өнеркәсібі қолдауға мұқтаж
Шымкентте тоқыма өндірісінің қарқыны төмендеді.
Статистикаға сүйенсек, биыл жергілікті зауыттардың өнімі былтырғыдан 15%-ға аз. Өндіріс көлемінің төмендеуіне Өнімді сату мәселесі өндіріс көлемінің азаюына әкеліп отыр, дейді мамандар. Тоқыма бұйымдарын төмен бағада ұсынатын көрші ел отандық өнімнің өтуіне кедергі келтіреді.
Шымкент еліміздегі тоқыма өндірісі, тігін индустриясы мен былғары өңдеуді қоса алғанда жеңіл өнеркәсіп кең дамыған өңір. Бұл саланың әлеуметтік маңызы зор. Өйткені кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің дені – әйелдер. Дегенмен қазір саладағы келеңсіздіктің кесірінен көптеген қызметкер жұмысынан босады. Өндіріс көлемі 40%-ға дейін төмендеген.
Сәуле Исаева, тігінші:
- Мен осы жерде істеп жатқаныма 4-5 жыл болды. Бізде кейде жұмыстар тоқтап қалады. Заказчиктер заказ көп бермейді біздерге. Жұмыс тоқтап қалады. Айдың басында берілетін айлықтарымыз айдың соңында беріледі. Бізге қолдау болса, жұмыс өте жақсы.
Мұндай қиындық отандық тоқыма өнімдеріне деген сұраныстың төмендеуінен туып отыр, дейді фабрика директоры. Бәсекелестер өз өнімін арзан бағада ұсынады. Отандық кәсіпорындар қазір тіпті коммуналдық шығынды қалай өтерін білмей дал.
Бекет Тұрсынханов, фабрика директоры:
- Алдынғы айларда 55-56 млн төлейтін едік бір ай қолданған электр энергиясы үшін. Бүгінгі күнде 95-96 млн теңгеге өсіп, жетіп жығылды. Ол өте ауыр тиіп отыр біздің өндіріске. Мәселе бұлай өрши берсе, қай жерге барып тоқтайтынын білмейміз.
Фабрика директоры Бекет Тұрсынханов мемлекеттік мекемелердің қажетті тоқыма өнімдерін өзге елден алатынына қынжылады. Жақында ғана еліміздегі теміржол тасымалымен айналысатын компанияның төсек жабдықтарын дайындау үшін келісімшартқа қол қойған. Десе де бұл өндірістік қуаттың 5 процентін құрайды, дейді.
Бекет Тұрсынханов, фабрика директоры:
- Мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алатын қорғаныс министрлігінің бұйымдары 25 млрд теңгеден асады. 25 млрд теңгенің бір де бір тиынын алған жоқпыз биыл. Одан бөлек квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың сатып алулары 100 млрд теңгеден асып жығылады.
Тоқымашылар мемлекеттік кешенді қолдау бағдарламасы қажет, дейді. Қазір Шымкентте екі ірі фабриканың жұмысы тоқтап тұр. Қарызды жаба алмағаннан кейін шаруасы шатқаяқтаған.
Бақыт Қалдыбеков қалалық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл кәсіпорындар басында өзбекстандық серіктестерімен бірлесіп ашылды. Кейін Қазақ-инвест компаниясының басшылығы ауысқаннан кейін олар сенімгерлік шартын қайтарып алды. Осы мәселені шешіп, кәсіпорындардың жұмысын жолға қою мақсатында министрлікке бірнеше рет хат жаздық. Олар шешілетінін айтты.
Дегенмен өңірде тігін өнеркәсібі мен қайта өңдеу өндірісі қарқынын жоғалтпайды, дейді мамандар. Мегаполисте қазір жеңіл өнеркәсіпке арналған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. Енді оның аумағын 175 гектарға дейін кеңейтіп, жаңа кәсіпорындар ашу жоспарланып отыр.
Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов