Түркістандық кәсіпкер мал өнімдерін Қытайға экспорттамақ

Түркістандық кәсіпкер малдың ішек-қарнын Қытайға экспорттамақ, деп хабарлайды 24KZ.

Аспан асты елі ірі қараның ішкі органын ет құнынан 2 есе қымбатқа сатып алуға дайын. Қазір асыл тұқымды мал бордақылап, етін экспортқа шығарып отырған шаруа енді сойылған малдың бас-сирағы мен терісін де кәдеге жаратуды көздеп отыр. Ішек-қарын өңдейтін жаңа зауыт келер жылы іске қосылады деп жоспарланған.

Сайрам ауданындағы 15 мың басқа арналған мына мал бордақылау кешенін кәсіпкер Сырым Ертаев 2019 жылы ашқан. Алғашында кәсібін 80 бас асыл тұқымды іріқараны бордақылаудан бастаған ол қазір жер көлемін 50 гектарға, мал санын 10 мыңға жеткізген. Кәсіпкер әр бастаған жобасына мемлекеттен субсидия алатынын айтады. Нәтижесінде еліміздегі ең ірі мал шаруашылығы кешенін құрып, 100-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Сырым Ертаев, кәсіпкер:

- Осы өзіміздің қазақстандық шаруалардың өсірген бұқалары. Еліміздің барлық аймағынан жемшөпті сатып аламыз да, сонымен бордақылаймыз. Бір бұқа бізге 250 келі салмақта келеді. Оны біз жемдеп, 500 келіге дейін жеткіземіз.

3 ай бордақыланып, әбден семірген бұқалар мына мал сою бекетіне жеткізіледі. Мұнда күніне жүздеген бас мал сойылады. Бұл жерден жылына 5 мың тонна ет Иран мен Өзбекстанға экспортталады. Кәсіпкер енді қытайлық инвесторлармен бірлесіп, аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдейтін зауыт ашпақшы. Жаңа кәсіпорын малдың бас-сирағы мен ішек-қарынын пайдаға жаратуға мүмкіндік беретінін айтады.

Сырым Ертаев, кәсіпкер:

- Қытайдың қазіргі сұранысы тек етке емес, біз қазір сата алмай отырған, құны өте төмен болып тұрған ішек-қарындар. Малдың ішкі органдары 2-3 есе қымбат бағамен Қытайға кететін болады. Ол тек қана шикізат күйінде кетпейді, қазіргі таңда біз қытай компаниясымен бірлесіп аштық. Үлкен цехтарын әкеліп қойдық. Олар 30 мың шерты метрге үлкен цехын соғады. Ішек-қарын терең өңделіп, өнім ұзақ мерзімге жарамды болады. Ашып жей беретіндей, кішкентай ыдысқа салынып, Қытайға шығаратын болады.

Қытай нарығына шығуды көздеген кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба экологиялық жағынан да тиімді. Себебі Сайрам ауданында күніне мыңдаған бас мал сойлып, жүздеген тонна ет өндіріледі. Ал сойылған малдың ішек-қарнын ешкім алмайды. Көбі қоқыс полигонына тастайды. Қалдық қоршаған ортаны ластаса, жағымыз иіс қолқаны қабады. Жоба жүзеге асқанда өңірдегі бірнеше мәселе шешімін таппақ. «Даму» қоры өңірде осындай ерекше жобаларды қаржыландыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді.

Мұқасан Қаңлыбаев, Қаржы институтының директоры:

- Көбінесе бізде өңдеуші өнеркәсіп, медицина, білім беру саласы, жүк тасымалдау, тағы да басқа бизнестің түрлеріне қолдау көрсетеміз. Биылғы жылдың басынан бері субсидиялау құралы арқылы біз 271 жобаны, жалпы несие көлемі 25 млрд теңгеге қолдау көрсеттік.

Соңғы 5 жылда Түркістан облысының экономикасына 8,1 млрд доллар инвестиция тартылып, 157 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл өңірде құны 151 млрд теңге болатын 68 жоба іске асады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.