Биыл 5 айда 490 мың гектар жер сақтандырылды

Былтыр егін алқаптарын ақбөкендер мен шегірткеден қорғау үшін 142 шарт жасалып, 279 мың гектар алаң зиянкестерден қорғалған.

Ал биылғы 5 айда 490 мың гектар жер сақтандырылған. Ол үшін 261 келісім жасалды. Осылайша, өсімдік шаруашылығын қорғау 75% өскен. Елде егін саласында 4, мал шаруашылығында 3 сақтандыру компаниясы жұмыс істейді. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Жиында салаға салынған қаржы жайы да талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, кейінгі жылдары сақтандыруға бөлінген бюджет көлемі өскен. Оған қос бүйірден қысқан қуаншылық пен кей өңірлердегі ылғалдың шамадан тыс көп болуы себеп. «2020 жылдан 2023 жылға дейін сақтандыру төлемдері 6 млрд теңгеден асты, ал сыйлық ақылар жинағы 3 млрд теңгеге жуық», – деді вице-министр.