Елімізде қант өндірісіне қолдау қажет

Біз қанша қант жейміз? Өзіміздің тәттіні мақтай отырып, Ресейдің өнімін неге сатып аламыз?

Халық өзгенің қантын алмас үшін қайтпек керек? Қызылшаны көбейтеміз бе, әлде қамыс-құрағын қосып сатамыз ба?

Зарина Кәп, тілші:

- Қазақстандықтар айына орта есеппен 46 мың тонна қант жейді. Ал жаз шыға сұраныс 60 мың тоннаға дейін жетеді. Бірақ сұраныс болғанмен, өндіріс кемшін.

Айжан Наурызғалиева, Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:

- Өкінішке қарай Ресейден келетін қант бағасына біздің отандық өндірістен шыққан қант бағасы бәсекелес бола алмай тұр. Сондықтан Ресей қантының көлемі біздің нарықты жаулап жатыр. Былтыр біздің зауыттар қажетті көлемдегі қантты өндіріп шығарғанымен, нарықта сата алмай, өз бағасынан түсіріп сатуға мәжбүр болды. Бұл олардың экономикалық жағдайына салмақ.

Ел бойынша жылына 500 мың тонна қант қажет. Оның 150 мың тоннасын өндірістік кәсіпорындар пайдаланады, қалған 350 мың тоннасын сіз бен біз жейді екенбіз. Өкінішке қарай осының тең жартысы импорт.

Асқар Шарипов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» филиалының Жетісу облысы бойынша төрағасы:

- Қант қызылшасы өте күрделі өндірісті қажет етеді. Оның ішінде бізде техникамен қамтамасыз ету мәселесі төменгі деңгейде болып жатыр. Көп жерде айтылып жатыр ғой, техникамыз 70-80%-ке дейін тозған. Қазір ауыспалы егістікті қолдану арқылы оның егіс көлемін көбейту мәселесін, озық технологияларды қолдану мәселесін ары қарата жетілдіруіміз керек.

Мамандардың айтуынша, қызылша егу өзін өзі ақтай қоймайды. Ол күтімді көп қажет ететін көкөніс. Оған қарағанда шикі қамыс өсірудің проблемасы аз. Ал қызылша шіріп кетпес үшін белгілі бір жолмен сақталуы керек, бұл да шығын. Сондықтан елдегі  зауыттар қантты жергілікті қызылшадан гөрі құрақ шикізатынан өндіргенді жөн көреді. Дегенмен, қызылшадан жеріген жоқпыз. Кейінгі екі жылда оның да үлесі артып келеді. 2022 жылы қызылша арқылы өндірілген қант 6% болса, былтыр 12%-ке жеткен.

Шаймерден Ахметов, Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Тағы бір ескеретін жағдай, қызылшадан өндірілген қант арзандауда. Яғни, біз қызылшаның өндірісін арттырып, қызылшадан өзіміздің қантты көбірек өндіретін болсақ, ресейлік импортты ығыстырып шығуға, бағамен ығыстырып шығуға, одан арзан баға беріп, бәсекеге қабілеттелікті жоғарылатып, ығыстырып шығуға толық мүмкіндігіміз бар.

Ал ауыл шаруашылғы министрлігі «алдағы уақытта Жетісу облысында қант қызылшасы алқабын үш есе ұлғайтамыз» дейді. Биылдың өзінде облыста 12,6 мың га алқапқа қант қызылшасы егілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,6 мың гектарға артық. 2026 жылға қарай егістік алқаптарын 15 мың га дейін жеткізу жоспарланған, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе көп.

Шаймерден Ахметов, Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Келесі жылға қызылшаның алаңдарын одан ары қарай арттырып, оның өнімділігін одан да арттырып, 75-80 мыңға дейін қызылшамен өндіруге, қызылшадан өндірілген қанттың көлемін осыншаға жеткіземіз деп отырмыз. Ол деген тұтынудағы 20-25%-ке дейін осылай бірте-бірте біз қызылшаның өндірісінен қазіргі өзіміздің зауыттар арқылы жарты қажеттілігімізді алуға мүмкіндігіміз бар. Соған дейін жеткіземіз деген жоспар бар.

Қазір қордағы қант пен шикі құрақ қоры 136 мың тонна. Мұның сыртында квота арқылы Ресейден 120 мың тонна қант келеді. Оған қоса, 300 мың тонна шикі құрақ жеткізіледі. Сол себепті жаңа өнім шыққанша қанттан тарықпаймыз. «Отандық зауыттар сұранысты толық қамти алады», - дейді мамандар. Оған қанттың өзінен бөлек шикізат та жеткілікті.

Шаймерден Ахметов, Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Бұл жерде қараңыз, негізі Ресейдің экспортқа тыйым салғаны біздің ішкі нарыққа ешқандай әсер етпеуге де тиісті. Өйткені біздің арамызда жаңа айтқандай келісім бар. Ешқандай арамызда шектеу деген болмайды. Осы шектеу ол үшінші елдерге қатысты. Ал біздің арамызда бұрын келіп жатқан көлемдер бойынша келе береді. Квотамен белгілеп қояды. Міне, осынша жыл сайын келіп жатты ма, сонша көлемде биыл да келе береді.

Ал қант бағасы өзіндік құнына байланысты өсіп келеді. Жыл басталғалы орташа баға статистика бойынша 4,2%-ке өсіп, әр келісіне 421 теңгеден айналды.Бұл ретте өңірлер бойынша көш басында Ақмола облысы тұр. Мұнда қанттың келісі 460 теңге. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда 446 теңге. Ал ең арзан қант Ақтөбе облысында – 379 теңге.

Авторы: Зарина Кәп, Ержан Рахманбердиев