Қызылордада «Жасыл ел» жастар жасағы жұмысқа кірісті

Қызылордада «Жасыл ел» еңбек жасағына алғаш рет Байқоңыр қаласының жастары да қатысады, деп хабарлайды 24kz.

Биыл жасақ құрамында екі мың адам еңбек етеді, «Жасыл елдіктер» «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға атсалысып жатыр. Биыл бұл жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен 144 миллион теңге бөлінді. Әр қатысушыға ай сайын 100 мың теңге еңбекақы төленеді. Айта кетейік, былтыр «Жасыл ел» жауынгерлері 87 саябақ мен гүлзарды тазалап, он мың тоннадан астам қоқыс шығарды.

Әбдіреш Ақлен, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:

- Жасөспірімдер үшін бұл жазғы демалыстың біріншіден, жақсы өткізілуіне және пайдалы өткізілуіне өте үлкен үлес қосады. Және бұл менің ойымша, бір оқпен екі қоянды ату деп білемін. Яғни адамның өзіне де, сонымен қатар өзінің туып-өскен еліне де үлкен пайда әкелетін нәрсе.

Артур Қамбаров, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы облыс көлемінде 16 мен 35 жас аралығындағы жастар, оның ішінде оқушыларымыз бар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бар, жұмыссыз жастар бар, НИТ санатындағы жастар деп жатамыз, негізгі құрамы солардан жасақталатын болады. Бұл жоба 2005 жылдан бері жиырма жылға жуық еліміздегі ең танымал бағдарламалардың бірі ретінде жұмыс жасап келеді.