Елімізде азық-түлік бағасы төмендеді
Осы айда 10 түрлі азық-түліктің бағасы төмендеді. Бұл үрдіс 11 өңірде байқалып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында өнім біршама арзандады. Бұл жөнінде толығырақ арна тілшісі Серік Селеубайұлынан білейік.
Диктор;
- Бағаның арзандауы немен байланысты?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Иә, ресми статистика бағаның төмендегенін көрсетіп отыр. Мамандар мұны ерте пісетін көкөністерді жинау науқанының басталуымен байланыстырады. Сонымен қатар жауапты министрліктердің әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын қадағалау бағытындағы жұмыстарының да әсері бар.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қырыққабат 10%-ке жуық, пияз 1,3%, қарақұмық жармасы 1,1%, тауық еті, күріш, күнбағыс майы 0,5% шамасында, макарон 0,2%, қант, сүзбе және ұн 0,1% арзандады. Осылайша, елімізде негізгі азық-түлік бағасының индексі 0,1%-ке төмендеген.
Бағасы арзандаған тауарлар:
Қырыққабат – 9,7%
Пияз – 1,3%
Қарақұмық жармасы – 1,1%
Тауық еті – 0,6%
Күріш – 0,4%
Күнбағыс майы – 0,4%
Макарон өнімі – 0,2%
Қант – 0,1%
Сүзбе – 0,1%
Ұн – 0,1%
Оңтүстік өңірлерде ерте пісетін көкөністерді жинау науқаны басталып кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл диқандар 219 мың тонна ерте пісетін картоп, 105 мың тонна қырыққабат, 32 мың тонна сәбіз, 66 мың тонна пияз жинайды деп болжап отыр. Бұл маусым-шілде айларында халықтың сұранысын толық өтеуі тиіс.
Жиналатын көкөністер көлемі:
Картоп – 219 мың тонна
Қырыққабат – 105 мың тонна
Сәбіз – 32 мың тонна
Пияз – 66 мың тонна
Ербол Тасжүреков ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Өндірушілерден мегаполистерге тікелей жеткізуді қамтамасыз ету үшін Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің тізімі құрылды, барлығы 900-ден астам кәсіпорын. Мәліметтер Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне көкөністерді жеткізу келісімдерін жасау үшін берілді.
Заң бұзған саудагерге жаза қатаңдайды
Қазір делдалдармен де жұмыс күшейтілді. Талап бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнына қосылатын үстемақы 15%-тен аспауға тиіс. Бірақ жыл басынан ел бойынша ереже сақтамаған кәсіпкерлерге қатысты 1832 әкімшілік іс қозғалған. Бұл былтырғыдан 62% көп. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігі саланың заңнамалық базасын жетілдіруге күш салып жатыр.
Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы:
- Әкімшілік істердің негізінде 311 айыппұл салынып, 1 372 ескерту жасалды. Бірақ біз заңда көрсетілген жазаның әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын тұрақтандырып, өнімсіз делдалдармен күресу үшін жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты Сауда комитеті әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі ұсыныс дайындады. Құжатта ескертудің орнына бірден айыппұл салу көзделген. Оның көлемі шағын кәсіпкерлер үшін 5 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Ал ірі бизнес үшін 150 айлық есептік көрсеткішке дейін баруы мүмкін.
Тауарлардың «Ұлттық каталогы» дайындалады
Бұл үстемақылардың көлемі Мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе қадағаланады. Алайда, электронды шот-фактураларда бір өнімнің бірнеше атауы болады. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын қиындатып отыр. Мысалы бір ғана сүттің 70-ке жуық атауы бар. Сондықтан тауарлардың ұлттық каталогын енгізу жоспарланған. Оған сәйкес, әр өнімнің тек бір атауы ғана болады.