Елордада 233 мың кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр

Астанада 233 мыңнан аса бизнес өкілі бар. Көбі, яғни 13 мыңы – кәсібін енді бастаған жастар, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кейінгі бір жылда тірлік істеймін дейтін жандардың қарасы күрт көбейген. Дені қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алып, ісін дөңгелетіп отыр.

Былтыр ел экономикасы 5,1%-ке өсті. Оған өндірістің өркен жайып, кәсіпкерлікті қолдау қарқын алуы себеп. Иә, жеке сектордың алыс-берістегі үлесі басым. Мұны Мемлекет басшысы да баса айтты. Өткен жылы кәсіпкерлермен кездескен Президент Үкімет пен бизнес өкілдерін етене һәм қоғамдық шартта жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл шарттың мәнін былай сипаттауға болады: мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды.

Бір ғана бас қаланың өзінде 233 мыңнан аса кәсіпкер бар. Өткен жылы бұлардың қатары 13 мыңға көбейген. Олар бір жылда 14 трлн теңгеге тауар өндіріп, 1,5 трлн теңге салық төлеген. Жыл санап салық та, кәсіптен нәсіп көрген халық та көбейіп келеді. Бұған мемлекеттік мезірет себеп. Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы осылай дейді. Оның айтуынша, бизнеске көмектесу ісі одан әрі де қарқын алады.

Қуаныш Нұртасұлы, Астана қалалық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы:

- Кәсіпкерлердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемесін төмендету болып табылады. Бүгінгі күні пайыздық мөлшерлемесін 8% дейін төмендету  қарастырылған. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін ішінара кепілдендіру бағдарламалары іске асырылады және елордамыздың жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын «Астана бизнес» деген жоба бар. Оның ішінде кәсіпкерлер үшін арзандатылған несие, соңғы пайыз кәсіпкерлер үшін несие 7%-пен беріледі.

Бизнес кәсіп иесімен қатар әлеуметтің әлеуетін арттыруға да септесу керек. Сол себепті бұдан былай мемлекеттік гранттар әлеуметтік кәсіпкерлікке ғана бөлінеді яки беріледі.

Қуаныш Нұртасұлы, Астана қалалық кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы мемлекеттік гранттарды беру қағидаттарына бірнеше өзгерту енгізілді. Соның ең негізгісін айта өтейін. Биылдан бастап мемлекеттік гранттар тек әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін болады. Яғни, конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер ең бірінші әлеуметтік кәсіпкер ретінде реестрға тұру керек.

Мемлекеттен мезірет көріп, ісін дөнгелетіп отырғандардың бірі – Маржан Ахметханқызы. 1 млн теңгеден аса қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін бастаған. Нақтырақ айтқанда, үй жиһаздарын өндіреді. Қазір өзін де, өзгелерді де жұмыспен қамтып отыр. Аяқ алысы да жаман емес.

Маржан Ахметханқызы, кәсіпкер:

- Ол ақшаға өзімнің аппаратурамды алдым. Оның ішінде ол тігін машина, лазерлік аппарат және осы орындықтардың аяғын жасауға арналған кәдімгі аппарат сатып алдым. Сол арқылы қазір менде цехымда 8 жұмысшы жұмыс істейді. Өзіңіз көріп тұрғандай, осы жерде 30-дан астам модель бар. Осы 30-дан аса үлгі әртүрлі матамен су, кір жұқтырмайтын матамен жасап, бүкіл Қазақстанға 5 күннің ішінде жеткізіп береміз.

Президент үкіметке алыс-беріс көлемін 450 млрд долларға жеткізуді міндеттеді. Меже – жыл сайын ел экономикасын 6%-ке ілгерлету. Ол үшін билік бизнес өкілдерін қолдауға әлі де ден қою керек.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Наурызбай Құрманғазы.