Елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялау көлемі артады

Азық-түлік – адамның басты қажеттіліктерінің бірі. Елімізде ет, сүт, ұн, көкөніс секілді халық көп тұтынатын өнімдермен өз-өзімізді толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар, деп хабарлайды 24kz.

Ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау тетіктері де жыл сайын ширап келеді. Бұл жұмыстар шаруаларды субсидиялау, қажетті техникамен қамтамасыз ету, егістік алқаптарға су жеткізі секілді толып жатқан маңызды бағыттарды қамтиды. Фермерлерге жеңілдетілген қаржы беру кезінде кепіл саясатын жұмсарту мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. Биыл «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша қаражат көлемі 3 есе арттып, 580 млрд теңге болды. Қандай шаралар жүзеге асырылды? Жоспар қандай?

Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға жарты триллионға жуық теңге бағытттау жоспарланып отыр. Тиісті ведомство қаржы бөлу тәсілін өзгертіп, фермерлер үшін жаңа міндеттемелер енгізіп отыр. Мысалы, шаруалар өнім көлемін төмендетпеуге және бағаны өсірмеуге міндетті. Мал басы да артуы тиіс.

Мерей Қанапия, тілші:

- «Найдоровское» шаруашылығы 2000 жылы құрылған. Алғашында ферма басшысы небәрі 200 гектарға бидай егіп көрген. Аз уақытта кәсібі дөңгелеп, егістіктен түскен пайда еселе түседі. Мысалы, сол жылдары 200 тоннадан астам астық өнімі жиналса, өткен жылы 45 мың тоннаға дейін астық жинаған. Кейін шаруашылық басшысы егін алқабын үлкейтіп, қосымша бұршақ пен майлы дақылдар, картоп егеді.

Павел Лущак, қожалық басшысы:

- Көктемгі егістік жұмыстарына қаражат бөлу бойынша өте жақсы механизм әзірленген. Бұл шаруалар үшін өте маңызды. Егер субсидия берілмесе, мемлекеттік қолдау болмаса, өнімдер өз бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатылар еді.

Қазір ауыл шаруашылығын субсидиялауға өзгеріс енгізілді. Фермерлерге талап қатаңдатылды. Олар өндіріс көлемін төмендетпеуге және ішкі нарықта бағаны өсірмеуге міндетті. Мысалы, төрт түліктің төлін баққандар жыл сайын мал басын кем дегенде 5%-ке көбейтуі тиіс. Олар үшін барлық субсидия түрі сақталып отыр. Тек шем-шөп үшін қаржылық қолдау төтенше жағдай кезінде ғана көрсетіледі. Бұл талаптың Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстарының шаруаларына қатысы жоқ. Өткен жылы шаруашылықтағы дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 20 центнерден асқан. Дегенмен, ел бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 10 центнерді құрайды. Дақылдар дифференциалды түрде егіліп, тыңайтқыштардың мөлшерін арттырады.

Сәуле Молдабаева, ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры:

- Биыл минералды тыңайтқыштар бойынша өзгеріс болды. Біз отандық тыңайтқыштарға аванстық субсидия енгіздік және оны 60%-ке дейін көтердік. Субсидияландырудың арқасында тыңайтқыштардың көлемі 960 мың тоннаға дейін жетті. Бұрын 680 мыңнан тоннадан аспайтын.

Ауыл шаруашылығына берілетін субсидия көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, былтыр 490 млрд теңге бөлінсе, дәл қазіргі меже 420 млрд теңгеге жеткен. Тиісті ведомство өкілі бұл көрсеткіштің әлі өсетінін айтты. Сондай-ақ алдағы 5 жылда агроөнеркәсіпті несиелеуге 10,5 трлн теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Мерей Қанапия, Гульнара Хасен