Онлайн несиені қарау мерзімі ұзарады
Жыл басынан бері интернет алаяқтыққа қатысты 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның тең жартысы несие рəсімдеумен байланысты. Сорақасы сол, алаяқтардың торына аңғал азаматтардың өздері түсіп жатыр. Олардың сөзіне имандай сеніп, ерікті түрде банктен қарыз алу дерегі азаймай тұр. Қоғамның дертіне айналған қылмыспен қалай күресеміз? Жауапты органдар алаяқтықтың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
Иә, шынымен соңғы жылдары киберқылмыстардың саны артқан. Көбіне алаяқтардың жеке басын анықтау мүмкін емес. Сондықтан кейбір қылмыстық істерді тергеу тоқтап қалады. Бас прокурор заңнамаға бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.
Интернет алаяқтықпен күрес күшейеді
Бас прокуратура қылмыстарды ашу деңгейінің төмен болуына бірнеше себеп барын айтады. Оған интернет алаяқтықтың трансшекаралық сипаты жəне «дропперлер» деп аталатын жауапкершіліктің болмауы себеп. Сонымен қатар қылмыстық схемалар мен əдістер үнемі жаңарып отырады. Заңнамадағы олқылықтар да іске кедергі келтіреді. Міндетіне салғырт қарайтын мамандар да бар. Мәселен Бас прокуратура тергеуді дұрыс жүргізбеген 159 полиция қызметкері мен 18 прокуратура қызметкерін тəртіптік жауапкершілікке тартты.
Берік Асылов, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры:
- Үйлестіру кеңесіне қатысушылар екінші деңгейдегі банктерді осы санаттағы қылмыстық істер бойынша жəбірленуші деп тану туралы ұсыныстарды қолдады. Бұл институт Еуропа мен Солтүстік Американың дамыған елдерінде қолданылады. Олардың құқықтық жүйесі қаржы ұйымдарының клиенттерін қорғауды қамтамасыз етеді жəне олардан алаяқтықтың алдын алу жəне шығындарды өтеу тетіктерін енгізуді талап етеді.
Онлайн несиені қарау мерзімі ұзарады
Бұл банктердің техникалық қауіпсіздігін нығайта түсуіне түрткі болады. Сондай-ақ онлайн кредитке өтініштерді қарау мерзімін ұзарту ұсынылды. Осылайша, алаяқтарға тап болған азаматтардың дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік берілмек. Аталған тәжірибе былтыр Беларусьте киберқылмысты 77%-ке қысқартқан.
Банк ашуға қойылатын талаптар жеңілдейді
Қазақстанда жаңа банк ашуға қойылатын талаптар жеңілдейді. Бұл туралы Үкімет басшысы бір топ депутаттардың сауалына жауап бере отырып айтты. Олжас Бектенов «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығына сілтеме жасады. Құжатта қаржы нарығындағы бәсекелестікті қамтамасыз ету жағдайларын жетілдіруге жеке блок арналған. Мәселен, жаңа банктер ашу үшін мүмкіндіктерді кеңейту және халық пен кәсіпкерлік субъектілері үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Заң жобасы шеңберінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, шетелдік еншілес банктер мен шетелдік банктердің филиалдарын ашу бойынша заңнамалық талаптарды ырықтандыруға, сондай-ақ шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген операциялар түрлерінің тізбесін кеңейтуге бағытталған түзетулерге бастама жасады. Банк жүйесін институционалдық жетілдіру шеңберінде әмбебап және базалық банк лицензиясын енгізудің орындылығы мәселесі қаралатын болады.
Бұл шаралар мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтуға, жеке кәсіпкерлікті дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.ф