Әуе арқылы жүк тасымалдау мәселесі қаралды
Елдегі 24 әуежайдың тек 14-де ғана жүк қоймалары бар.
Осыған байланысты Көлік министрлігі және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүк тасымалдау әлеуеті кенжелеп қалған әуе айлақтарына мән бермек. Мәселен, биыл Өскемен қаласында жаңа жүк терминалы ашылды. Алдағы уақытта Орал қаласының халықаралық әуежайында да қосымша жүк қоймасы пайда болады. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Түркістан және Шымкент қалаларындағы әуежайларды жаңарту жоспары тағы бар. Бұл туралы бүгін елордада өткен Халықаралық жүк тасымалдау конференциясында айтылды. Екі күндік іс-шараға Халықаралық әуе жүк тасымалы қауымдастығының өкілдері де қатысып жатыр.
Нұржан Малаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі департаментінің директоры:
- TIACA деген жүк тасымалдау халықаралық ұйымы, олардың бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан. Тағы Бельгияда бір офисі бар. Екі күндегі тақырыптар олар: мультимодальді логистика, транзиттік хаб және жүк тасымалдау тақырыптарын талқылаймыз. Екінші күні цифрландыру жайын талқылаймыз.
Стивен Полманс, TIACA халықаралық әуе жүк тасымалы қауымдастығының төрағасы:
- Қазақстанның әуе арқылы жүк тасымалдау әлеуеті мен мүмкіндіктері жоғары. Өйткені мемлекет Батыс пен Шығыс арасында тұрған ірі көпір іспетті. Бірақ импорт пен экспорт көлемі арасындағы айырмашылық жоғары. Осыны теңестіру керек. Бұл бағыт салаға жаңа инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.