Енді азаматтарға несие беру тәртібі өзгереді
Тиісті құжатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Осылайша, қарызын 90 күн бойы кешіктіріп жүргендерге кепілсіз несие берілмейді. Заң екі айдан кейін күшіне енеді. Толығырақ әріптесім Мирлан Алтынбек жалғасын.
Еліміздегі жұмысқа жарамды 9 млн адамның 6 млн-ында несие бар. Ал оның ішіндегі 2 млн азамат берешегін 90 күннен астам уақыт кешіктіріп жүр. Осыған байланысты кепілсіз несие беруді шектеу туралы құжат азаматтардың құқығын еш шектемейді. «Керісінше, қоғам арасында қаржылық сауаттылықты арттырады», – дейді сарапшы Дулат Мыңбаев.
Дулат Мыңбаев, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық сарапшысы:
- Бұрынғы алған несиелерін қайта қаржыландыруға оларға мүмкіндік беріледі. Пайызын немесе ай сайынғы төлемін төмендете алады. Сонымен қатар кепіл заты ретінде мүлкін қою арқылы несие ресімдеуге шектеу қойылмайды.
Жаңа заңға сәйкес несиесі бар жігіттер Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезде және әскерден оралған соң 2 ай бойы қарызына өсімпұл есептелмейді. Тағы азаматтардың қарызын 2026 жылдың мамырына дейін коллекторларға беруге тыйым салынды. Өйткені экономикалық жағдайы нашарлап, тығырыққа тірелгендерге ешқай уақытта психологиялық қысым көрсетуге болмайды. «Арты оқыс оқиғаға алып келуі мүмкін», – дейді экономист Ләззат Жанмолдаева.
Ләззат Жанмолдаева, экономист:
- Коллекторлардың жұмысын айтуға болады. Олар кәдімгідей қысым көрсетеді адамдарға. «Ағайын-туғаныңа жариялаймын, қызметтестеріңе жариялаймын, сөйтіп, масқара қыламын» деп айтатын, көп коллектор дөрекілікке баратын. Әлеуметтік желілердің ішінде де солардың сөздері. Өз-өзіне қол жұмсап жатқан азаматтарды да білеміз.
Несие берудің жаңа тәртібі бойынша шағын кредит алу үшін міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту керек. Әрі күйеуінің немесе әйелінің рұқсаты болуы қажет.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Даиров, Дмитрий Николаев.