Премьер-министр экономикаға кедергі факторларды атады
Күрделі геосаяси жағдай мен серіктес елдердегі экономикалық ахуал. Қазақстан экономикасының өсіміне кедергі келтіретін сыртқы факторлар осындай.
Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр мәлімдеді. Олжас Бектеновтың айтуынша, Үкімет осыған қарамастан барлық резерв пен күш-қуатты жұмылдырып, Президент міндеттеген тапсырмаға сәйкес, 2029 жылға қарай елдің әл-ауқатын жақсарту мақсатында белсенді жұмыс атқарып жатыр. Қазірдің өзінде экономиканың кей бағытындағы көрсеткіштер көңіл көншітерлік. Мысалы құрылыс, көлік және байланыс саласында өсу қарқыны 8%-ке жуықтады. Ал, сауда саласында көрсеткіштер әзірге төмен. Олжас Бектеновтың пайымынша, бұған тасқын салдары әсер етті. Бірақ қазіргі таңда бірте-бірте жағдай қалпына келе бастады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің пікірімізше, экономикамыздың кейбір салалары өте жоғары өсу әлеуетіне ие. Атап айтқанда, олар құрылыс, инфрақұрылым, өңдеу өндірісі, және агроөнеркәсіп кешені. Сондықтан біз Үкімет тарапынан ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетіп жатырмыз қазір. Мысалы, тек «Бәйтерек» холдингі арқылы экономикамызға 3 трлн-ға жуық инвестицяи құйылып жатыр биыл. «Самұрық-Қазына» қорының есебінен 700 млрд теңге бөлінді.