«Таза Қазақстан»: Арыста жалпықалалық сенбілік өтті

Түркістан облысының Арыс қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды 24kz.

Тазалық шарасына мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, ардагерлер, спортшылар, өнер адамдары мен қала жастары қатысты. 500-ден астам адам тартылған шара Арыс – Шымкент тасжолы бойынан басталды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстап, тазалық науқанына бір кісідей атсалысуға шақырды. Табиғат жанашырлары жол жиегін қураған шөптен тазартып, ағаштардың түбін әктеді. Сынған бұталарды жинастырып, күл-қоқыстан тазартты. Экологиялық акция барысында табиғат жанашырлары 10 тоннаға жуық қоқыс шығарды.

Сырлыбек Мұсабеков, қоғам белсендісі:

- Биыл енді жаңбыр жақсы жауғандықтан шөп жақсы шықты. Бірақ енді күн ысығаннан кейін көк қурап жатыр. Арты өртке ұласпас үшін жол жиегіндегі шөптерді шауып жатырмыз. Әркім өз ауласын таза ұстаса, барлық жер таза болады деген сөз бар ғой. Сондықтан ел де, жер де ортақ болғандықтан, халықты осындай сенбілікке, тазалыққа шақырамыз, атсалысайық. Науқан жылдың соңына дейін жалғасады.