Елімізде өсімдік майы арзандады

Жыл басынан бері елде 317 мың тоннадан астам өсімдік майы өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 13%-ке көп, деп хабарлайды 24kz.

Статистикаға тазартылған және тазартылмаған өнімдер де енген. Яғни, жекелей алғанда пайыздық көрсеткіш құбылуы мүмкін.

Жыл басынан бері тазартылған май өндірісі 1,3%-ке азайып, 60 мың тонна шамасында болды. Ал тазартылмаған өнім көлемі 17,1%-ке көбейіп, 257 500 тоннаға жеткен.

Қазақстанда негізінен тазартылмаған күнбағыс майы өндіріледі. Биыл зауыттар 219 мың тонна өнім шығарып, былтырғы көрсеткіштен 38% асып түскен. Ал тазартылған күнбағыс майының көлемі 55 мың тонна. Одан бөлек, 21 мың тонна рапс, 11 мың тонна соя, 5500 тонна мақта, 1300 тонна мақсары майы өндірілді. Осылайша, жергілікті компаниялар сұранысты 84,6% қанағаттандырып отыр. Былтыр қажеттілік 79% өтелген. Яғни, импорт көлемі азайды деген сөз. Бұл ішкі нарықтағы май бағасын 23,4% арзандатты. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана қаласында тіркелген. Бұл өңірлерде баға 11%-тен бастап 20%-ке дейін түсті. Ал Қызылорда, Алматы және Ақтөбе облыстарында 30% шамасында арзандаған.

Қазақстандағы өсімдік майының өндірісі

Тазартылмаған күнбағыс майы – 219 мың тонна

Өсім – 37,8%

Тазартылған күнбағыс майы – 55,1 мың тонна

Рапс майы – 20,9 тонна

Соя майы – 10,7 мың тонна

Мақта майы – 5,5 мың тонна

Мақсары майы –1,3 мың тонна

Ұлттық статистика бюросының дерегі

 

Өсімдік майының бағасы

Қазақстан – 23,4%

Ұлытау облысы – 11,8%

Астана – 15,7%

Маңғыстау облысы – 19%

СҚО – 19,4%

Павлодар облысы – 20,8%

Қызылорда облысы –33,1%

Алматы облысы – 28,9%

Ақтөбе облысы – 27,5%

Ұлттық статистика бюросының дерегі

 

Өнеркәсіптің бірнеше бағытында өсім бар

Биылғы Қазақстанның Өнеркәсіп өндірісі индексі 103%-ті көрсетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 19 406 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде кен өндіру саласындағы көрсеткіш 8 901 млрд теңгеге жетті. Ал өңдеу өнеркәсібінде 8 950 млрд теңге. Енді жеке-жеке тоқталсақ.

Биыл тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда Өнеркәсіп өндірісінің индексі 100,6%-ті құрады. Бұл табиғи газ шығару мен металл кендерін өндіру салаларының және тау-кен өнеркәсібі қызметтерінің артуына байланысты. Ал өңдеу өнеркәсібінде индекс 105,2%-ті көрсетті. Өсім химия өнеркәсібі, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар өндірісі, металлургия, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру, машина жасау мен өзге де дайын бұйымдар өндірісінде байқалған.

2024 жылғы өнеркәсіп көрсеткіштері

Өнеркәсіп өндірісінің индексі – 103%

Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің құны – 19406,7 млрд  теңге

Кен өндіру саласы – 8901,5 млрд.теңге

Өңдеу өнеркәсібі – 8950,2 млрд. теңге

 

Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу

Өнеркәсіп өндірісінің индексі – 100,6%

Табиғи газ шығару – 103,8%

Металл кендерін өндіру –106,5%

тау-кен өнеркәсібі қызметтері – 110,6%

 

Өңдеу өнеркәсібі

Өнеркәсіп өндірісінің индексі – 105,2%

Химия өнеркәсібі – 5,8%

Фармацевтика – 13,5%

Металлургия – 7,5%

Металл бұйымдарын өндіру – 28,4%

Машина жасау – 14,7%

Өзге бұйымдар өндіру – 1,9 есе