Инвестициялық жобалардың орындалу барысы прокуратураның назарында

Бүгінде 32 трлн теңгеден астам сомаға 770-тен астам жоба қолға алынған, деп хабарлайды 24kz.

Оның орындалу барысы прокурорлардың назарында. Шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінен  қорғалатын болады. Прокуратура кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және инвестицияларды қолдау мәселелерінде шешуші рөл атқарады. Бизнес-қауымдастықпен және инвесторлармен кездесу өткізген Бас прокурор Берік Асылов осылай деді. Жоғары қадағалау органының алаңында мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, бизнес үшін шығындарды төмендету, қылмыстық жазаларды жеңілдету және кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін қатаңдату мәселелері талқыланды. Бизнес үшін артық шектеулерді алып тастау, салық жүктемесін және бюрократиялық кедергілерді азайту тек инвестициялар ағыны мен елдің экономикалық дамуына ықпал етеді. Дәл осы міндеттерді Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың алдына қойып отыр. Бір жарым жыл ішінде прокурорлар 350 инвестордың жобасын қазақстандық нарықта сақтап қалуға мүмкіндік жасады. Олардың ел экономикасына салған салымдарының жалпы құны 6,4 трлн теңгені құрайды. Прокурордың келісімінсіз салықтық тексерулер де тағайындалмайды.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Бизнеске қатысты бірқатар қылмыстық құқықбұзушылықтар Қылмыстық кодекстен алынып, әкімшілік құқықбұзушылық санатына ауыстырылады. Бұл – облигациялардан алынған ақшаларды мақсатсыз пайдалану және тағы басқа қоғамдық қауіпі жоқ қылмыстар. Экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық істерді тергеуге жоғары талаптар қойылатын болады.