Павлодар диқандары көктемгі егіс науқанын аяқтады

Павлодардың диқандары көктемгі егіс науқанын аяқтады.

Биыл науқан күрделі жағдайда өтті. Ұзақ жауған жаңбырдың салдарынан жұмыс 70 күнге кешіккен. Бірақ мұның тиімді жағы да бар екен. Топырақта ылғалдың бұрын - соңды болмаған қоры жиналған. Соған сәйкес өнім жылдағыдан мол болады - деп болжанып отыр.

Биыл көктем жаңбырлы болды. Ылғалдың тым көп түсуі жер асты суларының көтерілуіне әкеп соқты. Егіс алқаптарының бір бөлігі су астында қалған. Кейбір дақылдардың орыны ауысып кетіпті.

Данияр Аңдыбаев, агроном:

- Жүгері егіп жатырмыз мысалы үшін, мына егіс алқабына жүгері екпейтін едік, басқа дақыл болуы керек болатын. Мына жер толығымен картофель болуы керек болатын. Мұның ар жақ қатарына кіре алмадық. Толық батпақ, енді жартысына 35 гектарына картофель ектік те, 35 гектарын судан шөбіне қалдырып отырмыз. Оны ектік жартылай, оның өзінде де батпақ болып қалып қойды бес гектардайы.

Қыстың қатты болғаны сонша мал азығы үшін егілетін көп жылдық шөптесін өсімдіктер толығымен үсіп кеткен. Жоңышқа мүлде шықпай қалыпты. Олқылықтың орнын толтыру үшін шұғыл түрде судан шөбін егуге тура келген.

Сергей Марченок, көмекші агроном:

- Биыл өте қиын жыл. Жауын-шашыннан кейін көптеген егіс алқаптары жарамсыз болып қалды. Техникаға да қиын, жүре алмайды. Соған қарамастан жағдай жаман емес деп сеніммен айта аламын. Себебі ылғал мол, топырақ құнары жақсы. Ол егіннің бітік шығуына оң әсер етеді.

Ауыл шаруашылығы басқармасы да астықты жыл болатынына сенімді. Алайда ылғал мол түскен жылы арамшөп, өзге де зиянкестер көбейетінін де ескертеді. Сондықтан да, өсіп келе жатқан егінді қорғау шараларын да бастап кеткен.

Есентай Мұрсәлімов, Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бізде фитосанитарлық жоспар бар. Соған сәйкес зиянкестердің түрлерін, өсімдіктердің қандай ауруларға шалдығатынын анықтаймыз. Мониторинг жүргізіліп, нәтижесі бойынша деректер аудандарға жіберіледі.

Соңғы жылдары Павлодар облысының шаруалары өңір үшін дәстүрлі емес дақыл түрлерін өсіре бастады. Зығыр, мақсары, соя, рапс пен қыша егетін шаруашылықтар саны көбейген.  

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков