Атырау облысы Қызылқоға ауданында жаппай бау-бақша егіп жатыр

Атырау облысы Қызылқоға ауданының тұрғындары жаппай бау-бақша егіп жатыр.

Жергілікті билік жер телімін бөліп, техникамен көмектеседі. Аудандағы 10 ауылдық округте 50 гектар алқапқа бау-бақша, картоп пен көкөніс егілді. Биыл Ойыл өзенінің арнасы толып, судан тапшылық болмайды, дейді мамандар. Әкімдік бақша салғысы келетіндерге егіс алқабын өңдеп, дайын күйінде беріп жатыр. Ең бастысы, малды өңірдегі тың кәсіпке жастардың ынтасы оянды. Олар егіншілермен бірге дала жұмысына шығып жүр.

Ислам Жөлке, оқушы:

- Бұл жерге қауын егіп жатырмыз, Сәуір айында ектік. Шілде айының орталарында өнім беруі керек. Жақсы өсіп жатыр. Кейбір жерлерде гүлдер шығып жатыр. Оншақты бала ауысып тұрамыз. Нұркелді, Нұрқанат деген бала бар. Күтіп қараймыз, суарамыз.

Ержан Нұралин, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан 20 гектар жерді 4 адамға жыртуға техникамен көмектесіп, жерлерін жыртып бердік. Олар жұмысын бастап кетті. Қалған 30 гектарды жұртшылық егінмен орындаймыз деп отырмыз. Жердің кеппеуіне байланысты кеш орындап жатырмыз. Алдағы жылы өзен өз арнасымен таситын болса, келесі жылы бұдан да артық орындаймыз деген ойдамыз.