Павлодар облысында сүт өндірісі артты

Бұған тауарлы-сүт фермалары санының көбеюі оң әсерін тигізген.

Әдетте жаздың аптап ыстығында салада құлдырау байқалатын. Биыл керісінше Ертіс өңірінде ақ мол, дейді мамандар. 

Ақсу қаласындағы тауарлы-сүт фермасында малды ыстықтан қорғаудың тың тәсілі қолданылады. Сауын сиырлар тұратын қораларда жасанды суландыру жүйесі іске қосылған. Ол ауаны бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Салқын жерде тұрған сауын сиырлар сүтті көп береді.

Сергей Белоцерковский, ветеринария саласы бойынша кеңесші:

- Бұл жерде ыстықтан болатын стрессті төмендетуге барынша жағдай жасалған. Біріншіден шыбын-шіркей мен масалар тасымалдайтын аурулар болмайды.

Украинадан келген маман сүт фермасында үшінші жыл жұмыс істеп жатыр. Ол антибиотик пайдалануға үзілді - кесілді қарсы. Табиғи жем-азық пен мал тұратын қоралардың жайлы болуы оң нәтиже беретінін айтады.

Сергей Белоцерковский, ветеринария саласы бойынша кеңесші:

- Біз 33 литр сүт алатын межеге жеттік. Көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп ойлаймын. Қазір мал тұқымын асылдандыруға кірістік. Бірыңғай гольштейн тұқымына көшеміз. Сүттің мөлшері 33-тен 40 литрге жетеді.

Аймақта сүт өндірісін дамытуға 10 жыл кетті. Бүгінгі таңда облыс бойынша 36 ірі және орта тауарлы-сүт фермасы бар. Осы жылы озық үлгідегі тағы бірнеше сүт фермасының құрылысы басталады.

Самат Кәкімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Мал шаруашылығын дамытып, сүт фермаларын кеңейту мақсатында биыл облыс көлемінде алты тауарлы сүт фермасы құрылады. Бұл жобалар іске асса сүт өндіру көлемі жылына 31,5 мың тоннаға жетеді. Мал басы 4,9 мың басқа көбейеді.

Облыс шаруашылықтары мал тұқымын асылдандыруға мүдделі. Биылдың өзінде шетелден мыңға жуық мал әкелінді. Таңдау артықшылығы мол Еуропа елдерінен келетін малға түскен.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков