Үкімет бөлген 2,6 трлн теңге қайда жұмсалады?
Үкімет инфрақұрылымдық жобаларға 2,6 трлн теңге бөледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.
Қаражат тұрғын үйлер мен жол салу, жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарламаларды іске қосу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және газдандыруға бағытталады.
300 мыңнан астам адам тұратын 87 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жоспарда бар. Оған 195 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Сонымен қатар, 12 мың шақырым жолды жөндеу, 6 жарым мың коммуналдық желіні жаңғырту және 55 жылу көзін ретке келтіру қажет.
Нұрлан Байбазаров су шаруашылығы жүйесін қалпына келтіру басталғанын айтты. Салаға Ислам даму банкі тарапынан жеңілдетілген қаржы тартылады. Ақша ұзақ мерзімге, төмен мөлшерлемемен беріледі. Бұл қаржы арқылы Үкімет су саласындағы 16 негізгі жобаны оңтайландырмақ.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
- Біз ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі техникалар мен құралдарды толық жаңартамыз. Су шаруашылығында “ҚазСуШар” жүйесін қажетті техникамен жабдықтаймыз. Су қоймалары мен суару арналарын салуды, сондай-ақ қызметтердің техникалық инфрақұрылымын нығайтуды қамтимыз.