Ауыл шаруашылығы: Жыл сайын 800 млн доллар шетел асады

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты былтыр 5 млрд доллардан асты.

Қазір терең өңделген тауарларды сатуға басымдық берілуде. Әсіресе, сүт, сары май, ірімшік пен сүзбе және ет өнімдерінде өсім бар.

Мәжілістегі Үкімет отырысына қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осылай дейді. Алайда депутаттар саладағы мүмкіндікті, толық пайдалана алмай отырмыз деген пікірде.

Отырыста терең өңдеудің үлесі әлі төмен екенін айтып, ет пен сүттің толыққанды қайта өңделмегенінен шаруалар жыл сайын 800 млн доллардан айырылып отырғанын жеткізді. Бұл қаражат қазір шетел асып жатыр. Мәжіліс өкілдері саладағы іркілісті жіпке тізіп, Жобалау офисін ұйымдастыруды ұсынды. Сонда экспорттау ісіне барлық мемлекеттік орган атсалысып, бір мақсатқа жұмыла алады.