Жеке табыс салығы алынып тасталуы мүмкін

Құмар ойын бизнесіне салынатын кор-поративтік табыс салығының деңгейі көтерілуі мүмкін.

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі жаңа салық кодексіне осындай өзгеріс енгізу ұсынылғанын жеткізді.

Яғни, букмекерлік ұйымдардың табысына салынатын салық көлемі артады. Қаржы ұйымдары экономиканың нақты салаларына инвестиция жұмсайтын болса, салық мөлшерлемесі көбеймей, сол күйінде қалмақ.

Ал қайта өңдеу өнеркәсіптерінің өнімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларға табыс салығын керісінше 10%-ға дейін түсіруді жоспарлап отырмыз, - деді Нұрлан Байбазаров.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:

- Жиі талқыланып жүрген тағы бір маңызды мәселе – салық жеңілдіктері. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салық жеңілдіктерін азайту арқылы түсетін салық көзін кеңейту, салықтан түсетін табысты көбейту. Бұл мәселе бойынша біз 1,3 трлн теңгеге жуық салықтық жеңілдіктерді қысқартуды ұсынып отырмыз. Тағы да бір маңызды мәселе – салық алымдарын азайту. Бұл бойынша да бірқатар ұсыныстарымыз бар.

Салық режимі оңтайландырылуы мүмкін

Сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы салық түрлерін оңтайландырып, бір ғана алым енгізу ұсынылып отыр. Нұрлан Байбазаровтың пікірінше, бұл салық салушыларға да, бизнеске де ыңғайлы болмақ. Әрі салықтың көлемі де азаяды. Сонымен қатар, жаңа Салық кодексінде кіші және орта бизнес үшін салық режимін оңтайландыру қарастырылған. Атап айтқанда үш режимге дейін қысқарту жоспарда бар.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:

- Тағы бір ұсынып отырған мәселе — зейнетақы аударымдары бойынша жеке табыс салығын алып тастау. Жеке табыс салығының көлемі 10%. Сол 10%-ды біз алып тастаудың есебінен зейнеткердің алатын зейнетақысының мөлшері осы 10%-ға көтерілетін болады.