Ұлттық қор. 27 трлн теңгенің 44 жобасы жүзеге асып жатыр

"Самұрық-Қазына" мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін 88%-ға жеткізуі қажет. Әзірге оның үлесі 61 пайызға тең.

Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша директорлар кеңесінің отырысында, үкімет басшысына есеп берілді. Қазір ұлттық қор 27 трлн теңге болатын 44 стратегиялық маңызы бар жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 11-і бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Осы кезеңде 53 мыңнан астам, ал пайдалану кезеңінде шамамен 11 мың жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ биыл 105,1 млрд теңге – нысандарды газдандыруға, 272 млрд теңге – жалға берілетін тұрғын үй салуға, 680 млрд теңгеден астам сома –инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталады. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялауға, "Талдықорған-Үшарал" магистральды газ құбыры мен "Дарбаза-Мақтаарал" теміржол желісін салу үшін де қаражат тарту көзделіп отыр.

Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты салынып жатыр.