Мал шаруашылығының өнімін өңдеуде олқылық көп

Мал шаруашылығы ата кәсіп болғанымен салада олқылық көп.

Әсіресе өңдеу саласында. Ішкі нарықты өніммен қамтуға әлеуетіміз бар, бірақ сауда орындарының сөрелері импорт тауарларға толып тұр. Басқасын айтпағанда, қазақтың ақ дастарқанының сәніне айналған кілегей, май, ірімшік және сүзбенің өзін шетелден алдырып отырмыз. Себеп - импорт өнімдер арзан. Оның үстіне өзімізде жаңа айтқандай сүт өнімдерін өңдеу ақсап тұр. Салдарынан жыл сайын 800 миллион доллар шетелдік фермерлердің қалтасына түседі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу тетіктері мен қордаланған проблемалардың күрмеуін шешу жолдары пысықталды.

Елде ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Дегенмен, кейбір өнімдерді сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Министр Айдарбек Сапаров оның басты себептерін тізбектеп берді. Елде сары май қымбат. Өзіндік құны келісіне орта есеппен 3100 теңге. Ал импортталатын май әлдеқайда арзан. Келісі 1800-2300 теңге шамасында. Осындай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізіп отыр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Көбіне май, құрғақ сүт, ірімшік және сүзбені шетелден тасымалдап отырмыз. 2022 жылы сүт өнімдерінің импорты 580 мың тонна болды. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 800 мың тоннаға жетті. Отандық дайын өнімдеріміздің өзіндік құнын жоғары.

Малдың жүні мен терісі ысырап болып жатыр. Шикізатты сақтау мен тасымалдау жүйесі ақсап тұр. Салдарынан былтыр шаруалар 42 мың тонна жүннің 81%-ын өртеуге мәжбүр болды. 3 жарым млн дана ірі қара мал терісінің 6%-ы ғана кәдеге жарап, қалғаны қоқысқа тасталды. Ет өнімдерін қайта өңдеушілер шетелдік әріптестерінің алдында бәсекеге қабілетсіз. Жабдықтар ескі, жоғары технологиялық өндіріс жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда салқындатылған етті ұзақ сақтай алмаймыз.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ет саласын дамытудың нақты стратегиясы жоқ. Мысалы, елімізде бір ірі қара малды союдан түсетін пайда 475 теңге. Ал Қытайда 937 мың теңге. Бізде ет пен жанама өнімдер ғана қайта өңделсе, көрші елде малдың терісі, мүйізі, тұяғы, сүйегі, қанына дейін толық қайта кәдеге жаратылады. Етті терең өңдейтін жоғары технологиялық ет комбинаттары қажет. Фермаларды кооперативке біріктіру жұмыстары күшейтілуі тиіс.

Шаруалардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуі қиындап тұр. Қаражат жыл сайын толық бөлінбейді. Дәл қазір 37 млрд. теңге шамасындағы қаражат берілмеген. Бұл шаруалардан түскен 1700-ден астам өтініш. Уәде етілген қолдауға қарамастан, шаруалар несиені 24% мөлшерлемемен қайтаруға мәжбүр.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қаржыландырудың қазіргі шарттары мысалы, қатты ірімшік шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Ірімшік өндірісінің технологиялық талаптарына сәйкес, оның толықтай пісіп жетілуіне 6 айдан астам уақыт қажет екен. Бұл дегеніміз айналым қаражатын 6 айға тоқтатып қою керек деген сөз. Ал несие пайызы бұл уақытта есептеле береді. Сөйте тұра бізде импорт неге соншалықты көп деп таң қаламыз. Фермерлер ақша айналымын тоқтатып қойып, өнім өндірісін жалғастыруға мүмкіндіктері жоқ. Үкімет қайта өңдеуді қолдау бойынша нақты ұсыныстар беруі тиіс.

Былтыр еліміз құрғақ сүт өндірісін 25 жарым пайызға азайтты. Ет консервілерін шығару шамамен 4 пайызға төмендеді. Жылына 6 мың тонна ғана өнім шығарылады Есесіне бұл тауарды импорттау көлемі артқан. 5 жыл ішінде Ресейден келген құрғақ сүт импорты 6 есе өсті. Десе де, Ауыл шаруашылығы министрі былтыр қолайсыз климаттық жағдайларға қарамастан, саланың құлдырауына жол бермедік деп отыр. 3 трлн теңгенің азық-түлігі өндірілген. Агроөнеркәсіптік кешен 5 жарым млрд долларға жуық өнімді сыртқы нарыққа шығарды.