Банкроттыққа өтінім беру талабы жеңілдеді
Банкроттыққа өтінім беретін азаматтарға қойылатын талаптар жеңілдеді.
19 маусым күні Президент қол қойған арнайы заңда бірнеше бап өзгерген. Енді азаматтарға борышты реттеу туралы, борыштың нақты сомасы, сондай-ақ кредитордың атауы жөнінде ақпарат ұсыну міндеттелмейді.
Сонымен қатар, соттан тыс банкроттық рәсім қолдану кезінде болатын тағы бір кедергі жойылды.
Сондай-ақ енді тізімде жоқ кредиторлардан алған қарызы бар азаматтар да төлем қабілетін қалпына келтіруге өтінім бере алады. Және банкроттыққа арыз жазу үшін 12 ай бойы ешқандай төлем болмауы туралы талап та жұмсарды.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Жеке азаматтың төлем картасын қарайтын болсақ, кей кезде ол бір айда мысалы 500 теңге, 100 теңге немесе бір төлемдер өтуі мүмкін. Немесе пенияны жапқан болуы мүмкін. Сол азаматтар бүгінгі таңда арыз бере алмайды. Себебі оларда аз да болсын төлем өткен болатын. Сондықтан егер де бір айдың ішінде 1 АЕК-тен төмен сома болса, мысалы, 3600 теңгеден төмен болса, оны төлем деп санамай, оған арыз беруге мүмкіндік береміз.