Қытай компаниялары Қазақстанға инвестиция құюға дайын
Қытай елі Қазақстанға Гонконг пен Макаоның ірі компанияларымен ынтымақтастық орнатуды ұсынып отыр.
Көрші ел мұны Шыңжаң арқылы жүзеге асыруға ниетті. Мұндай ұсынысты вице-премьер Серік Жұманғаринге Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы парткомының хатшысы Ма Синжуй екі жақты кездесу кезінде білдірді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы ұлғайды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сауда-саттық 10 пайызға артып, 9 миллиард АҚШ долларына жетті. Көрші ел байланысты одан әрі дамытуға ниетті. Әсіресе өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше ықылас білдіріп отыр.
Ма Синжуй, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы:
- Қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңінде біз Қазақстан мен Гонконг арасында Шыңжаң арқылы тығыз байланыс орнатуды ұсынамыз. Гонконг пен Макаода Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық білдіріп отырған ірі құрылыс компаниялары бар. Олар Қазақстанға инвестиция салуға дайын. Сонымен қатар біз туризмді де дамытуға үлес қосар едік. Шыңжаңға Гонконгтен көптеген турист келеді. Оларға біздің өлке ұнайды. Қазақстанның да табиғаты ұнайтынына сенімдімін.
Кездесу барысында тараптар туризм, теміржол, жаңа шекаралық өткелдер салу мәселесін талқылады. Сондай-ақ Қытайға жеткізілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру жайы сөз болды. Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстан сиыр еті экспортын 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуға дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдері мен құс экспортына қатысты кедергілерді жоюға күш салу керектігін айтты. Бидай мен майлы дақылдарды 3 миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде Үкіметтік деңгейде келісімшарт жасауды ұсынды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Шыңжаң қазақ-қытай қарым-қатынасының орталығы. Екі ел арасындағы тауар айналымының тең жартысы Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданына тиесілі. Бұған көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, инвестициялық әріптестік кіреді. Қытай статистикасына сай өтен жылы тауар айналым 40 миллиард долларға жетті. Бүгінде Қазақстан мен Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы жол картасы жасалып жатыр. Стратегиялық әріптестікті нығайту шаралары жалғаса береді.
Үкімет басшысының орынбасары қытайлық бизнес өкілдерімен кездесті. Алпауыт елдің 7 ірі компаниясы Қазақстанға инвестиция салуға ниет білдірді. Бидайды терең өңдеу, ауылшаруашылығы техникасы, құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорын жетекшілермен келіссөздер жүргізілді. Жиын барысында оларға елімізде су үнемдеу технологиясын шығару жобаларын жүзеге асыру ұсынылды.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын