Шаруаларды қаржылай қолдау тетіктері ширап келеді
Агроөнеркәсіптік кешенде жеңілдетілген несие берудің көкжиегі кеңейді.
Енді фермерлер сегіз жаңа бағыт бойынша 2,5 пайызбен қарыз ала алады. Қолдауға кімдер ие болады? Шаруаларды қаржыландыруда қандай өзгерістер бар?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, енді сүт-тауар фермалары, суару, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларынан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да қаржыландырылатын болады. Мемлекет қолдауына ие болатын санаттарға «Бұл-Нарық» айдарында жеке-жеке тоқталам.
Шаруаларды қаржылай қолдау
8 жаңа бағыттың қатарына 5000 бас малы бар ет шаруашылықтары, сыйымдылығы 1000 тоннадан асатын жеміс қоймалары мен өнеркәсіптік жылыжайлар қосылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін жобалар, жылына 25 тонна балық өсіретін шаруашылықтар да осындай қаржылай қолдауға ие болады. Тәулігіне 1 тонна балық өңдейтін, буып-түю материалдарын жасайтын кәсіпорындар мен құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар да осы тізімге ілінді. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі негізінен сүт-тауар фермаларына басымдық беріп отыр.
Жеңілдетілген несие алушылар тізімі
Ет шаруашылықтары
Жеміс қоймалары
Өнеркәсіптік жылыжайлар
Терең өңдеу жобалары
Балық өсірушілер
Балық өңдеу шаруашылықтары
Буып түю материалдарын жасаушылар
Құс шаруашылықтары
ЦИТАТА
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2024 жылдан бастап жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы жаңа бағыттарды дамытуға ықпал етеді. Басты назар 65 сүт-тауар фермасын 100 млрд теңгеге қаржыландыруға аударылады. Бұл қадам сүт өндірісін жылына 372 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2 жыл үзілістен соң Қытайға сиыр еті экспортталды. Бұған биыл Ауыл шаруашылығы министрлігінің аусыл бойынша шектеуді алып тастауы себеп болып отыр. 2020 жылы енгізілген уақытша шектеулер 2024 жылдың ақпанына дейін күшінде болды. Аспан асты еліне әуелі 20 тонна ірі қара еті жөнелтілді. Былтыр жыл соңында екі елдің Үкімет өкілдері осы бағыттағы жұмыстарды пысықтап, арнайы келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде құс тұмауы мен аусылдан қауіп жоқ екені анықталды. Соңғы 3 ай ішінде отандық кәсіпорындар ветеринарлық талаптарды бекіту мен экспорттық тауарлар желісін кеңейту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сонымен қатар аймақтардағы кәсіпорындар да экспорттаушылар қатарына қосылуы мүмкін.