Қазақстан ураны қалай игеріледі?
Қазақстан уран қоры бойынша әлемде 2-орында тұр. Жаһандық уран өндірісінің 40 пайызы – біздің елдің үлесінде.
Жер қойнауында 700 мың тоннадан астам қор бар. Былтыр «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы 21 мың тонна уран өндірді. Өнім толық экспортталады. Оның 64 пайызы Транскаспий дәлізі арқылы Батыс елдеріне жөнелтіледі. Сондай-ақ, Ресей мен Қытай – Қазақстан уранының ірі тұтынушысына айналған.
Қазақстандық компания уранды байытып, дайын өнім алуға көңіл бөледі. Үш жыл бұрын Үлбі металлургиялық зауытында ядролық отын өндіру қолға алынды. Сонымен қатар жаңа кен орындарын игеруге айрықша назар аударылып отыр. Қазір Түркістан облысы Созақ ауданында жаңа кен орны ашылды.
Мейіржан Юсупов, "ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма төрағасы:
- Алдағы төрт жыл ішінде тәжірибелік-өндірістік өндірістен 701 тонна уран алуды жоспарлап отырмыз. Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан Инкай кен орны Қазақстандағы негізгі уран кен орындарының бірі. Кен орнынының үшінші учаскесіндегі уран қоры шамамен 83 мың тоннаға бағаланады. Осы жоба сол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.