Президент АЭС салу мәселесіне тағы тоқталды

Мемлекет басшысы экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек екенін айтты.

Биыл халық көптен күткен ірі автожол жобалары іске қосылмақ. Бұл жобалар еліміздің көлік құрылымын нығайтып, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді. Атап айтқанда, «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» жолдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» магистралін жобалау жұмыстары басталады. Мұның бәрі – жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр.

Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек. Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын – деді ол.

Экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек.

Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды – деді Тоқаев.