Қазақ-қытай кәсіпорындары 629 млн доллардың келісімшартын жасасты

Үрімшіде «Қытай-Еуразия ЭКСПО» көрмесі басталды.

Халықаралық дәстүрлі іс-шараға еліміз де қатысып жатыр. Көрме аясында инвестициялық ынтымақтастық, сауда-экономикалық, көлік-логистика сияқты маңызды салалар бойынша қатысушы елдердің әлеуеті таныстырылады.

Алғашқы күннің өзінде Қазақстаның павильоны көрмедегі ең ірі павильон деп танылды.

Қытай елі халықаралық көрмені 8-мәрте ұйымдастырып отыр. Биыл 50 мемлекет пен өңірлерден 1900 кәсіпорын қатысып жатыр. Оған Қазақстаннан 42 компания келді. Отандық тауар өндірушілер экспорттық өнімдері мен әлеуетін таныстырады. Сауда-саттық байланысты нығайтып, өзге компаниялармен жаңа әріптестік орнатуға мүмкіндік алады. 

Халықаралық экспозицияның ашылуына Өзбекстан және Қырғызстан премьер-министрлері, Қазақстан және Тәжікстан премьер-министрлерінің орынбасарлары қатысты.

Салтанатты іс-шарада Серік Жұманғарин Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың «алтын 30 жылдығының» жаңа беті, жаңа мақсаттарды көздеп отырғанын айтты. Соның бірі – Қазақстан мен Қытай тауар айналымын 100 млрд долларға жеткізу екенін мәлімдеді. Қытай Қазақстанға инвестициялар көлемі бойынша төртінші орында тұр.

Қонақ ретінде қатысушы елдер арасында қазақстандық павильон ең үлкен деп танылды. Мұнда 42 отандық компанияның экспорттық тауарлары қойылды.  Таныстырылған өнімдердің басым бөлігі азық-түлік. Көрме 26-30 маусым аралығында өтеді.

Әбдірашид Үсенов, “Qaztrade” компаниясының өкілі:

- ЭКСПО кәсіпкерлерге үлкен нарыққа жол ашады. Павильонға негізінен май мен кондитерлік өнімдер қойылды. Сондай-ақ қытайлық тұтынушылардан сүт өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Биыл түйенің құрғақ сүтіне сұраныс артып отыр. Көрмені барынша қазақы ұлттық нақышта жасауға тырыстық. Қызық көруге, дәм татуға келіп жатқан адамда шек жоқ.

Көрменің жалпы аумағы 140 мың шаршы метр. Инвестициялық ынтымақтастық, тауар импорты, сауда айналымы сияқты үш аумаққа бөлінген. Энергетика, мәдениет және туризм, цифрландыру және жоғары технология, ауылшаруашылығы өнімдері мен азық-түлік тақырыптары қамтылған. ЭКСПО еуразиялық кеңістіктегі бизнес пен билік арасындағы өзара тығыз әрекет етуге және ашық қарым-қатынас жасауға ықпал етеді. Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Екі ал арасындағы сауда айналымы өткен жылы 41 млрд долларға жетті. Ал биылғы жылдың бес айының өзінде бұл көрсеткіш 17,6 миллиард доллар болды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық және инвестициялық саласындағы өзара іс-қимылы жылдан жылға тұрақты дамуды көрсетіп келеді. Өткен жылдың соңында Қытай алғаш рет Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болды. Сауда айналымы 41 млрд долларға жетті. Өсу 32,2 процентті көрсетті.

Көрме аясында ынтымақтастық жөніндегі үшінші Қазақстан – Қытай өңіраралық форумы өтті. Оған қазақстандық тараптан 17 облыс өкілдері, ірі компаниялар мен іскерлік орта өкілдері және Қытай халық республикасының 27 өңірінен келген делегация қатысты. Диалог алаңында екі елдің өңірлері арасында сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл Қазақстан мен Қытай өңірлерінің іскерлік ортасы мен мемлекеттік органдары арасында өзара тікелей, әрі тиімді байланыс орнатуға жол ашады. Сонымен қатар шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, ақпарат алмасуды жеделдетіп жүйелей түседі. Бұл өз нәтижесін бере де бастады.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Шекаралас аудан болғаннан кейін біз үшін ең маңызды нәрсе қазіргі кезде өз экономикамызды дамыту үшін қытайдың туристерінің санын көбейту керек. Бұл бағытта біз Марқакөл жағынан өткізу пунктін жасасақ, онда туристердің санын көбейтуге болады. Ол жерде бірақ тас жолдар салу керек. Сол бойынша да Қытай Үкіметімен, өз компанияларымызбен келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Форум аясында 629 миллион доллардан астам сомаға келісімшарт жасалды. Оған Алматы облысында 10 подстанция мен электр желісін жаңғырту, электр қондырғыларын өндіретін зауыт құрылысы бойынша ынтымақтастық жөнінде келісім кіреді.

Сондай-ақ Абай облысының аумағында ағаш өңдеу кешенінің құрылысын іске асыру сияқты ірі-ірі жобаға қатысты 17 құжатқа қол қойылады.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын, 24.KZ, Үрімші