«Қазақстан – Қытай» форумында $629 млн болатын 17 келісімге қол қойылды

Үрімшіде өткен «Қазақстан – Қытай» III өңіраралық форумында жалпы құны 629 млн доллар болатын 17 келісімге қол қойылды, деп хабарлайды 24kz.

Оның арасында қосалқы станция мен электр жеткізу желілерін салу және жаңарту, электр жабдықтарын өндіру зауытын салу, күнбағыс майы мен құрғақ түйе сүтін жеткізу сынды келісімдер бар. Ауқымды іс-шара аясында сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері де талқыланады. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қытай елімізге инвестиция салған елдердің бестігіне кіретінін атап өтті.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қазақстан мен Қытай арасында тұрақты өңіраралық ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған. Екі ел қалалары арасында 43 жолаушылар рейсі іске қосылған және жақын арада олардың географиясын Қытайдың басқа қалаларына кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

 

42 отандық компания халықаралық көрмеге қатысты

Бұдан кейін делегаттар «Экспо Қытай – Еуразия» халықаралық көрмесіне қатысты. Айта кеткен жөн, нарыққа бағытталған сегізінші кәсіби бренд көрмеде қонақтар павильондары арасындағы ең ірісі Қазақстандыкі болды. Оның жалпы аумағы 260 шаршы метр. Мұнда 42 отандық компанияның экспорттық тауарлары орналастырылған. Біздің еліміз негізінен азық-түлік өнімдерін ұсынды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Еліміздің басшыларының қолдауы мен көмегі арқасында Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастағы «алтын 30 жылдығының» жаңа парағы ашылды. Бұл жаңа кезең бізге өзара сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін өршіл мақсаттар мен жоспарлар қояды. Осындай мақсаттардың бірі өзара тауар айналымын $100 млрд дейін жеткізу болып табылады.