Жетісу облысында 3500 адам «Таза Қазақстан» экоакциясына қатысты
«Таза Қазақстан» акциясына Текелі қаласының тұрғындары да белсенді қатысып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қала кәсіпкерлері мен зейнеткерлер, «Жасыл ел» жасақтары мен еріктілері бүгін Қаратал өзенінің жағалауын тазартып, бұлақтың көзін ашты. Экологиялық іс-шара басталғалы бері оған 3,5 мың жергілікті тұрғын қатысқан.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Зейнеткер Васили Бредихин – акцияға белсенді қатысушылардың бірі. Шажа мен Қора өзенінің қосылған тұсында орналасқан әсем қаланың тазалығына жергілікті тұрғындар бей-жай қарамайды. Өйткені Балқашқа құятын Қаратал өзені дәл осы жерден бастау алады.
Василий Бредихин, қала тұрғыны:
- Әр адам өзінің туған қаласы мен ауылын таза ұстауға, оны абаттандыруға дағдылануы керек. Сол арқылы экологиялық мәдениет қалыптасады. Мен барша қазақстандықтарды тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырамын.
«Таза бейсенбі» іс-шарасына жергілікті кәсіпкерлер де белсенді қатысты. «Өйткені жастарға ең алдымен өзіміз үлгі көрсетуіміз керек», - дейді олар.
Сәкен Сандыбаев, кәсіпкер:
- Қаламыз таза болсын деп, бәріміз жиналып келіп, мына «бұлақ көрсең көзін аш» деген қазағымыздың бір сөзі бар. Сондықтан келіп, мына бүкіл Текелі қаласының тұрғындары бар, қаламызды бір мезгіл тазалап қояйық деп келіп тұрмыз. Өзіміз үшін, келешек біздің балаларымыз үшін қала таза болуы керек.
Ерлан Жетібаев, Текелі қаласы әкімінің орынбасары:
- Текелі қаласы бойынша сәуір айынан бастап 34 сенбілікке жуық акция ұйымдастырылды «Таза Қазақстан». 350 ағаш отырғызылып, 18 мыңға жуық гүл отырғызылды. Сонымен қатар 493 тонна қоқыс шығарылды. 3500 адам жұмылдырылды.
Текелі – туристерді көптеп тартуға болатын әсем қаланың бірі. Болашақта мұнда биатлон кешені ашылады. Сондықтан бұл қаланы қазірдің өзінде Жетісудің інжу-маржанына балайтынар аз емес.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев