Қазақстан мен Қытай арасындағы бизнес серіктестік
Елімізде медициналық құрал-жабдықтарды Қытайдың технологиясымен өндіретін зауыт салынады.
Бұл жоба бүгінгі Қазақстан және Қытай инвестициялық қауымдастықтарының қол қойған меморандумы аясында жүзеге асады. Құжатқа сәйкес, еліміздегі бірқатар салаға қытайлық компаниялардан инвестиция тарту көзделіп отыр.
Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 33 жыл. Осы уақыт ішінде арадағы ынтымақтастық нығайды. Алайда енді мемлекеттік органдардың арасында ғана емес, екі елдің бизнес қауымдастықтарының серіктестігі де бекиді. Бүгін қос тарап өкілдері меморандумға қол қойды. Оның аясында Энергия, технология, құрылыс және тағы бірқатар салаға қытайлық компаниялардан инвестиция тарту көзделіп отыр.
Қайрат Айтбай, Сыртқы экономикалық қызмет кәсіпкерлері қауымдастығының президенті:
- Біздің қауымдастық жобаны алып, Қытай болса Қытай, басқа ел болса басқа ел, өзіміз сияқты кәсіпкерлермен тікелей байланыста боламыз. Барамыз, көреміз, Қазақстанға қаншалықты қажет екенін көреміз де, бізге қандай жеңілдік, Қазақстаннан қандай қолдау керек екенін біліп, осы жерге келіп «ҚазақИнвестке» және комитетке жеткіземіз.
Чжоу Хуншэн, Қытай-Азия экономикалық даму қауымдастығының бас өкілі:
- Біздің қауымдастық 1993 жылы құрылған. Бізде 22 мың компания бар. Бұған дейін Қазақстанға қыдырып келген кезімде мұндағы құрылыс ғимараттарын көріп, осы жақта жұмыс істегім келді. Осылайша инвестицияның бір бөлігін Қазақстанға тартып, құюды жөн көрдім. Бүгін біз арадағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін кездестік. Қазақстанды тек серіктес емес, дос мемлекет ретінде де қабылдаймыз.
Ширек ғасырдан астам уақытта екі елдің тауар айналымы 100 есе өсіп, былтыр 40 миллиард доллардан асқан. Қазір Қазақстанда Қытай инвестиция салған 4,5 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Алайда арадағы әлеует мұнымен ғана шектелмейді. Себебі бүгінгі мерейлі кездесуде екі елдің қауымдастықтары ынтымақтастықты арттырудың келесі кезеңін пысықтап алды.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы:
- ҚР Денсаулық сақтау министрінде кездесу болғанда Үлкен Вега деген компаниясы өзінің тауарларын көрсетті. Ол жерде Қазақстанға да қызығушылық танытатын және сапасы жоғары тауарларды Қазақстанда өңдейтін зауыттарды салу келісімі жасалды. Енді министр Қытайға сапарында сол зауыттарды аралап көріп, нақты қай өңірге салынатыны белгілі болады.
Осылайша әзірге меморандум аясында Алматы облысында вольфрам кенін өндіру қолға алынады. Сондай-ақ медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салынады. Бұдан бөлек астықты терең өндеуді локализациялау жұмыстары жоспарланып отыр.
Мұның бәрін жүзеге асыру үшін қытайлық қауымдастықтың инвестициялық компаниялары қаржы құйып, еліміздегі мекемелермен бірлесе жұмыс істейтін болады.
Альмира Оразбай, Диас Ковланбаев