Бауырлас елдер арасында алыс-беріс артты. LIVE
Қазақстан тауарлары алыс жақын шетелдерде жоғары сұранысқа ие. Халықтың әсіресе табиғи таза өнімге деген қызығушылығы басым.
Мәселен Қытайда Қазақстанның рапс майы, кондитерлік және сүт өнімдері жылдам сатылып кетеді. Ал Өзбекстанда дәнді дақылдарға сұраныс жоғары. Сол секілді бауырлас Түркия елінде де отандық өнімге деген қызығушылық мол.
Қазір біз әлемнің әр түкпіріндегі әріптесерімізбен байланысқа шығып, бұл туралы нақты сұрағымыз кеп тұр.
Түркия
Меруерт Қанағат, тілші:
- Астанада қауырт тірлік. Әріптестеріміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін барынша ақпараттандырып жатыр.
Туыстас жұрттағы БАҚ өкілдері де оны сырттай бақылап отырғанын айта кету керек. Жергілікті басылым мен арналар елордадағы халықаралық жиын жөнінде үзбей хабар таратуға көшкен.
Түркия Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі және негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Тауар айналымы жөнінен былтыр Ресей, Қытай, Италия және Оңтүстік Кореядан кейін 5-орында тұр. Ал биыл 5 айда Қазақстан мен Түркия арасындағы алыс-беріс көлемі 2,05 млрд долларға жеткен. Оның ішінде Қазақстаннан Түркияға экспорт 1,3 млрд доллар.
Бүгінгі таңда еліміздің негізгі экспорттық тауарлары мұнай және мұнай өнімдері, катодты мыс, табиғи газ, бидай екенін айта кету керек. Сонымен қатар Түркияға жеткізілген кезде экспорттық әлеуеті бар бірқатар шикізаттық емес тауарлар бар – олардың ішінде металл прокаты, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер. Қысқаша айтқанда, бауырлас жұртты еліміздегі шикізат тауарлары көп қызықтырады.
Өзбекстан
Ал қазір сөз кезегін Өзбекстандағы әріптесім Рауан Мыңбаевқа беремін. Ол күн шұғылалы Ташкенттен бізбен тікелей байланысқа шығып тұр. Рауан, қайырлы күн! Жергілікті нарықты саралап, базарын бағамдап көрген боларсыз. Ендеше қазақстандық қай өнімге сұраныс жоғары екен? Ресми деректер не дейді?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзіңіз атап өткендей, Өзбекстан күн шұғылалы кейпін сақтап тұр.
Маусым басынан аптаптың беті қайтар емес. Соған қарамастан жергілікті жұрт мамыражай тірлігін жалғастырып жатыр. Соның ішінде, сарапшы, саясаттанушылардың дені бар назарын Астанада өтіп жатқан саммитке аударған.
Өзбекстанда саудаланып жатқан қазақстандық өнімдерге келсек, бұл тізімде алғаш болып бидай мен ұн аталады. Өткен жылы екі елдің тауар айналымы 4,4 млрд доллар болған. Соның басым бөлігі – қазақстандық экспорттың үлесінде.
Атап айтар болсақ, елімізден Өзбекстанға былтыр 797 млн долларға бидай жөнелтілген. Ұнға тиесілі көрсеткіш 78 миллион долларға шамалас.
Экспорттың жалпы тізімінде металл прокаты, автокөлік шанағы, күнбағыс майы, ет және кондитерлік өнімге де сұраныс жоғары. Яғни сауда орындарында «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар өнімдерді көп кездестіруге болады.
Өзбекстандық тұтынушылар Қазақстанның жеткізілетін ұн мен бидайдың сапасын жоғары бағалайтынын айта кеткен жөн. Онымен түрлі нан өнімдерін әзірлеп, ішкі нарыққа ұсынады.
Биыл да саудадағы серіктестік қарқынды дамып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, алғашқы 5 айда көрсеткіш 1,5 млрд долларға тең болған. Өзбекстанның сыртқы тауар айналымында біздің мемлекет алғашқы үштікке кіреді. Бұған ТМД-да еркін сауда жасау жөніндегі келісім мен өзара экономикалық байланыстарды кеңейту жоспары ықпал еткен.
Тағы бір айта кетерлігі, Өзбекстан мен Қазақстан көршілес елдер. Сондықтан тасымал мәселесі айтарлықтай жеңіл. Сәйкесінше түпкілікті баға арзан шығады. Екі ел үшінші нарықтан жеткізілетін импортты алмастыру саясатын бастағалы кеденде өнімдерді өткізу, рәсімдеу ісі жылдам жүреді.
Қытай
Жалпы Қазақстан сауда-саттық саласында Өзбекстан ғана емес, шығыстағы Қытаймен де тығыз байланыста. Әсіресе кейінгі 2-3 жылда қазақ-қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығы арта түскен. Бұл жөнінде осы елдегі әріптесім Руслан Бақытбекұлы жалғастырады. Руслан, Қытайдың алып нарығында отандық өнімдеріміздің қай түрі сұранысқа ие?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Рауан, сұрағың орынды. Жауап берейін. Қытай бүгінде Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып келеді.
Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 41 млрд долларға жетті. Ал биылғы жылдың бес айының өзінде бұл көрсеткіш 17,6 миллиард доллар болды. Қытайда расында Қазақстан өніміне сұраныс ерекше. Себебі, біздің отандық тауарлар экологиялық таза, сапасы жоғары.
Биыл өткен жылмен салыстырғанда көрші елге экспорт көлемі 12 пайыздан асқан. Әсіресе табиғи сапалы өнімге сұраныс жоғары. Рапс майы, бал, кондитерлік және сүт өнімдері, балмұздақ, тәтті сусындар, тағысын тағы кете береді.
Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауарды Қытайға экспорттай алады. Кеше ғана Қытай халық республикасының төрағасы Астанаға сапары барысында берген сұхбатында қытайлықтардың дастарханында Қазақстан өнімі көбейе түскенін айтқан. Мұның өзі көп нәрсені аңғартып тұр.
Си Цзиньпин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен келді. Мемлекеттік сапар аясында екі елдің сауда-экономикалық байланысынан бөлек, мәдени-гуманитарлық, инвестициялық ынтымақтастық сияқты маңызды бағыттар қаралатыны анық. Қазір бүкіл әлемнің назары Астанада. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-отырысына қатысады.
Көрші мемлекеттің нарығы шексіз. Жөнелтілген тауар міндетті түрде оңай саудаланады, сондықтан бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Қазақстан Қытайға мал азығы экспортын арттырды. Бұған дейін отандық кәсіпкерлердің 80 пайызы өнімдерін тек шекараға жақын маңайдағы округтерге ғана жөнелтіп келді. Сауда стратегиясының арқасында көрші елдің ішкі провинцияларына жол ашылды. Мәселен, қазақстандық шаруалар 248 вагон құрама жем экспорттады. Тауардың алғашқы легі теміржол арқылы Сычуань провинциясына жетті. Енді қараңыз осы мал азығының көлемі провинция тұтынатын тауардың 0,1 пайызын да қамтымайды. Ал бүкіл қытайдың нарығын бағамдай беріңіз.
Айта кету керек, күні кеше ғана Шыңжаң Ұйғыр автономдық ауданында «Қытай-Еуразия ЭКСПО» көрмесі ұйымдастырылды. Халықаралық іс-шараға 50 мемлекет және өңірлерден 1900 кәсіпорын қатысты. Оған Қазақстаннан 42 кәсіпорын келді. Отандық тауар өндірушілер экспорттық өнімдері мен әлеуетін таныстырып кетті. Іс-шара аясында 629 миллион АҚШ доллардан астам сомаға келісімшарт жасалып, 17 құжатқа қол қойылды. Бұл да екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысқа серпін берері сөзсіз.