Құрық порты арқылы жүк тасымалы ұлғайды

Қос Президент жүк паромдарының қозғалысын іске қосқан Құрық теңіз айлағынан биыл 1 миллион тоннадан астам жүк өткізілді.

Оның 668 мың тоннасы теміржол арқылы, қалғаны жүк көлігімен тасымалданды. Жалпы 2024 жылы көрсеткішті 2 миллион 300 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Енді порт аумағында қосымша бірнеше айлақ және астық терминалы салынбақшы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл жобалар Қарақия ауданында ірі теңіз көліктік-логистикалық кластерін құруға мүмкіндік бермек.

Құрық порты 10 жыл бұрын «Жаңа Жібек жолы» жобасы аясында құрылды. Содан бері қуаты жылдан жылға ұлғайып келеді. Мысалы былтыр 1 млн 442 мың тонна жүк қабылдады. Қытайдан келетін транзит жүк Қазақстан арқылы Каспий теңізіне шығып, одан әрі Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропаға жөнелтіліп жатыр. Транскаспий дәлізінің маңызды бөлігі саналатын Қазақстан порты Каспийдің шығыс жағалауында орналасқан. Мұнда ауа райы қолайлы. Соған орай автокөлік және теміржол паромы жыл бойы тоқтаусыз істейді.

Серік Ахметов, Құрық теңіз портының бас директоры:

- Құрық портының басты артықшылығы – ең қолайлы жерде орналасқаны. Бұл аумақта екпінді жел болмайды. Осыған орай әріптестік байланыс орнатқысы келетіндер көп. Қазір кемелер мен паромдарды қабылдауды одан бетер ұлғайтамыз.

Мемлекет басшысы Ақтау және Құрық портында ірі теңіз көліктік-логистикалық кластер құруды тапсырған. Осыған сәйкес Қазақстанда теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Соның аясында су айлақтарының контейнер өткізу қарқыны артып, терминалдардың жұмысы өзгереді. Ал Құрық портында теңіз түбі тереңдетіліп жатыр.

Айтқали Нұрмағамбетов, Құрық теңіз портының сектор бастығы:

- Қазір түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін компания анықталды. Бұл осы саладағы көшбасшы «Ян де Нул» компаниясы. Аталған жұмыстар маусым айында басталып, жұмыстар порттың барлық акваториясында жүргізілетін болады. Бұл порт акваториясында қосымша бес айлақ құруға мүмкіндік береді.

Биыл Құрық паром кешенінде жаңа терминал іске қосылады. Нысан жылына 1 млн тонна астық сақтап, жөнелте алады. Бұдан бөлек, жаңа су айлақтарының құрылысы басталады. Бұл порт аумағында жүк тиеу алаңын 220 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Талғат Исламұлы, Айбек Байзақов, 24.KZ, Маңғыстау облысы