ЕҚДБ қазақстандық жобаларға инвестиция көлемін екі есе арттырады

Еуропа қайта құру және даму банкі қазақстандық жобаларға инвестиция көлемін екі есе арттырмақ.

Бұл жайында қаржы институтының Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директорының міндетін атқарушы Хусейн Өзхан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровпен кездесу барысында айтты. Тараптар жаңа жобаларды қаржыландыру жөніндегі жоспарларды талқылады. Вице-премьер еліміз энергетика, көлік-логистика, жаңартылатын энергия көздері және жеке бизнесті дамыту мақсатында банкпен өзара тиімді жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Қаржы ұйымы еліміздегі қызметін бастағалы экономикамызға 10,2 млрд еуро инвестиция салған. Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров бүгін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсонмен және Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниамен кездесті.