Сыр өңірінде жеміс-жидек шаруашылығы ширай түсті
Қызылорда облысында егінді әртараптандыру шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Аймақта бау-бақша өсірушілер қатары артып келеді. Қазір 15 шаруашылық соңғы агротехнологиялар көмегімен алма бағын өсіруге кіріскен. «Бұл – су тапшылығы кезінде тиімді кәсіп түріне көшудің бір жолы», – дейді мамандар.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Жаңақорған ауданының ауа райы бау-бақша өсіруге өте қолайлы. «Күн сәулесінің мол түсуі жемістің ерекше дәмін кіргізеді», – дейді мамандар. Мысалы, мына көшеттер 3 жылдан кейін жеміс салу керек еді. Алайда небәрі 15 айда алғашқы өнім бере бастады.
Бұл – 30 гектар аумақты алып жатқан жартылай ергежейлі алма ағаштары. Көшеті Түркиядан әкелініп жерсіндірілген. Озық агротехнологияға сай жабдықталған алма бағынан бірер аптада 200 тоннаға жуық өнім жинау жоспарланып отыр. «Қаз-қатар тізілген 75 мың түптің үсті толық арнайы тормен көлегейленді. Бұл әр түйір жемісті құстан қорғау үшін керек», – дейді мамандар.
Үмбет Әбибуллаев, агроном:
- Табиғи апаттар, бұршақ, қатты жаңбыр, нөсер. Сондайға үлкен септігі бар. Соған байланысты қандай қиын болса да, шығын болса да, осыны жасап жатырмыз. 10 мыңдай қада тұрғыздық, қазір өзіңіз көріп отырсыз, 30 гектар жерді тормен жауып үлгердік.
Мұнан бөлек, тағы 50 гектар жерге дәстүрлі әдіспен егілген алма бағы өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта осы жерден бір жазда 2 мың тоннаға дейін жеміс жиналмақ.
Алмас Нәлібаев, шаруа қожалықтың өкілі:
- Бұған біз келешек сақтайтын орын соқпақшымыз. Мынау Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолынан соқпақшымыз. Соған жер сұрап жатырмыз. Жердің де мәселесі жақын арада шешіліп қалатын шығар. Сол шешілсе, 4 мың тонналық «хранилище» соғамыз.
Қойма салынса, өнімді сақтау сатумен қатар өңдеуге де мүмкіндік туады. Ол үшін алма шырынын өндіретін цех ашу жоспарда бар. Бұл жобалар күрішті өлкенің ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында қолға алынып отыр.
Бақыт Жексенбаев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Әртараптандыру бағытында, өздеріңіз көріп отырсыздар, тамшылатып суару бағытында егіп отыр. Бұл тамшылатып суару суды 50-60% дейін үнемдейді. Сонымен қатар егістіктің нақты керек жеріне ғана суды береді. Ысырап етпейді суды. Қазіргі таңда өздері жерасты суын пайдалану арқылы суарып отыр.
Бүгінде аймақта 15 шаруашылық жалпы аумағы 250 гектар алма бағын өсіріп отыр. Сонымен қатар көкөніс пен бақша дақылдарының да аумағы ұлғайып, 20 мың гектарға жуықтаған. Ал суды көп қажет ететін күріш алқабы былтырмен салыстырғанда 6 мың гектарға дейін қысқарды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.