Алматыда SDG Pioneers сыйлығының лауреаттары марапатталды

Алматыда Орталық Азия аймағының тұрақты дамуына зор үлес қосып жүрген отандық бизнес өкілдері марапатталды, деп хабарлайды 24kz.

SDG Pioneers сыйлығын табыстау шарасы Қазақстанда алғаш рет өтті. Ол Біріккен ұлттар ұйымы Жаһандық шартының бір бөлігі ретінде 9 жылдан бері тағайындалып келеді.

Айта кетейік, «Хабар» агенттігі осы халықаралық бастамаға қосылған Қазақстандағы алғашқы және жалғыз медиақұрылым.

Халықаралық ұйымның сыйлығына шағын және орта бизнестің, сонымен қатар белгілі отандық ірі компаниялардың өкілдері ие болды. Салтанатты марапаттау шарасы 9 жылдан бері әлемнің түрлі елдерінде өтіп келеді. Бірақ Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Динара Сейітжапарова, БҰҰ Жаһандық шартының қазақстандағы өкілі:

- Тұрақты даму мақсаты біздің қоғамға қажет. Бұл – гендерлік теңдік, бұл – денсаулық сақтау, білім беру, қолжетімді инфрақұрылым. Бұл таза су, таза ауа. Мемлекет бір өзі барлық мақсатқа қол жеткізе алмайды. Бірақ бизнес мемлекетпен бірігіп, бірге жүзеге асырса, қоғам тұрақты дамиды.

Аталған сыйлық Біріккен ұлттар ұйымы Жаһандық шарты бастамасының бір бөлігі болып табылады. Ол әлеуметтік жауапкершілік пен тұрақты даму саласын қамтиды. Мақсат – бизнесті қоғам, қоршаған орта мен ғаламшарды қолдауға бағыттау.

Аян Бектібаева, «Kazakhexport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Тұрақты даму мақсаты өте ауқымды. Бұл жерде бизнесті басқару стратегиясы жаһандық мақсаттарға, экологияға, адамдардың мүдделерін құрметтеуге сәйкес болуы туралы айтылады. Яғни, бизнесті ұйымдастыруда қоғамдық мүддені ескеру қажет.

Жаһандық шартқа қол қойған компаниялар өз стратегияларын 10 негізгі қағидаға сәйкес бейімдеуге міндетті. Соның ішінде адам құқықтары, еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау бар. Бұл – тұрақты даму принциптері. Осы орайда елімізде парламенттік комиссия жұмыс істейді.

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Комиссия жұмыс жасағаннан бергі бір жыл ішінде бірқатар заңнамалық қолдаулар, осы орнықты даму мақсаттарына бағытталған заңнамалық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Жалпы сонымен бірге осы жұмыстарға өңірлерді де жұмылдыру – Сенат жұмысындағы негізгі басымдықтарының бірі.

Қазір БҰҰ Жаһандық шартына әлемнің 160 елінен 20 000-нан астам компания қатысады. Былтыр қазан айында «Хабар» агенттігі де Біріккен ұлттар ұйымының бастамасына қосылды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов