Елде сүт өндірісі 2 есе артады
Алдағы 3 жылда елдегі сүт өндірісі екі есе ұлғаяды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір жылына ақтың 600 мың тоннасы сауылса, алда 1,2 миллион тоннаға жетуге тиіс.
Мұның бір себебі Үкімет кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2,5%-пен жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасын іске қосты.
Кейінгі 3 жылда елдегі сүт өндірісі 20% ұлғайып, 600 мың тоннаға жеткен. Ал осы аралықта өңделген сүттің көлемі шамамен 6,2-6,5 млн тонна. Яғни, зауыттарда жылына 2-2,2 млн тонна сүт өңделеді.
Владимир Кожевников, ҚР Сүт одағының басшысы:
- Сүт елде көп, біз қазіргі кезде 6-6,5 млн тоннадан астам сүт өндіреміз. Беларусьтен сәл ғана аздау. Бірақ олар дүниежүзілік сүт нарығының 4%-ін иеленіп отыр. Ал біз өзімізді сүт өнімдерімен толық қамти алмай отырмыз. Өйткені кішігірім шаруашылықтарда жақсы сүт өндіру қиын. Жалпы елдегі барлық сүт зауыттарының жылдық мөлшері жоғары. Бірақ оның ішінде шағын сүт зауыттарынан ол сүтті сақтап, қайта өңдеуші зауыттарға жеткізу қиын.
Биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында қайта өңдеу орындарына 159 мың тонна сүт өткізілген. Оның 44 мың тоннасы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Одан кейін Павлодар мен Қостанай облыстары тұр.
Владимир Кожевников, ҚР Сүт одағының басшысы:
- Жалпы сүт өндірісі – ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі өндіріс түрі. Сиырды күніне екі рет сауғаннан кейін бұл жаңа сауылған сүт құрамын жоғалтпай, тез арада қайта өңдеу орталықтарына жетуі тиіс. Бұл іс үлкен зауыттарда жолға қойылған. Ал шағын және жеке шаруа қожалықтарында мүмкіншілік аз.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары сапалы сүттің өзіндік өндірісін күшейтіп, импортқа тәуелділікті төмендету үшін тауарлық сүт фермаларын іске қосуды қолға алмақ.
Айдос Жакупов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы:
- Жалпы сүт өндірісінің жылдық өндірісін екі есе өсіру үшін, СҚО бағдарламасын масштабтау мақсатында мұнда несие беріледі. 10 жылға дейін, 2,5%-пен. Мысалы, 2023 жылы бұл үшін 100 млрд теңге бағытталған болатын. Осы бағдарлама аясында 65 сүт тауарлы ірі заманауи фирмаларын салу және кеңейту жоспарланған. Осы сүт тауарлы фермалар іске қосылған жағдайда 373 мың тоннадай қосымша сүт өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Зарина Кәп, тілші:
- Жалпы республиканың 10 облысында 180 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Облыс әкімдіктерінің дерегі бойынша сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығы жылына шамамен 2 758 мың тонна сүтті құрайды. Оның ішінде үздік үштікте Солтүстік қазақстан облысы, Павлодар облысы, Шығыс Қазақстан облысы тұр.
Елдегі сүт өңдеу кәсіпорындары:
СҚО – 16% (209,8 мың тонна)
Павлодар – 11,5% (147,7мың тонна)
ШҚО – 8,5% (110,1 мың тонна)
Қарағанды – 7,3% (94,3 мың тонна)
Абай – 7,3% (94,5 мың тонна)
Ақмола – 6,8% (87,6 мың тонна)
Алматы – 6,7% (86,7мың тонна)
Қостанай – 6,5% (83,8мың тонна)
БҚО – 5,4% (70 мың тонна)
Жетісу – 4,1% (52,8,3 мың тонна)
Авторлары: Зарина Кәп, Қали Несіпбай.